ЖЕТІСАЙДА АҚЖЕЛЕҢДІЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ЖЕТІСАЙДА АҚЖЕЛЕҢДІЛЕР АРДАҚТАЛДЫ
 
Жетісай ауданында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Адам жанының арашасы болып, халық денсаулығын қорғауды өмірлік мұраты еткен ақ халаттыларға құрмет көрсетуге арналған мерекелік жиынға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев қатысып, сала мамандарына ізгі тілектерін жеткізді.
 
Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және ерен еңбегімен ерекшеленген бірқатар медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табыс етілді.
 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамытуға, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңізге берілген жоғары баға деп білеміз. Ауданымыздың медицина саласында еңбек етіп жүрген барлық дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлер мен сала ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар» деген аудан басшысы медицина саласы қызметкерлерінің қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті.
 
Үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін, тәуліктің қай мезгілі болса да адам өмірі үшін күресіп, дер кезінде көмек көрсетуге, науқасқа үміт сыйлауға ұмтылатын мамандық иелерінің еңбегі қоғам алдында бұрынғыдан да айқын көрініс тауып, олардың жанқиярлық қызметіне деген құрмет жыл сайын артып келеді.
 
Ауданның денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде медицина мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, елді мекендердегі медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайып келеді. Кадр тапшылығының алдын алу мәселелері де кезең-кезеңімен шешімін табуда.
 
Мерекелік іс-шара барысында аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шырқалған әсем ән мен көрсетілген құрмет – адам өмірін сақтап қалу жолындағы ерен еңбекті бағалау, олардың қоғам алдындағы мәртебесін айшықтау болып табылды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1242738?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version