Түркістан қаласында халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі тиімді ұсынуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуына мүмкіндік беріп, цифрлық сауаттылықты арттыруға және мемлекеттік сервистерді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Жаңа форматтағы Smart Point орталығы бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді құжаттандыру терминалы арқылы өздігінен рәсімдей алады. Сонымен қатар келушілер AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысып, цифрлық аймақта мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алып, қажетті құжаттармен жұмыс істей алады. Ал күрделі мәселелер бойынша сараптамалық аймақта мамандар кеңес береді. Бұдан бөлек, цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары, сондай-ақ келушілерге арналған жайлы демалыс орны қарастырылған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамытуға және қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Айта кетейік, Smart Point цифрлық ХҚКО форматы алғаш рет Ұлытау облысында іске қосылған болатын. Енді бұл заманауи қызмет көрсету үлгісі Түркістан тұрғындарына да қолжетімді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1250058?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау