Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Есет ауылында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция сержанты Қайрат Бекеновтің есімі берілген көшенің ашылу салтанаты өтті.
Еске алу шарасына Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары А. Мұқан, Бейнеу ауданының әкімі Р. Шалбаев, қаза болған қызметкердің туған-туыстары, ішкі істер органдарының ардагерлері, әріптестері, қоғам өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында қатысушылар Қайрат Әбенұлы Бекеновтің жарқын бейнесін еске алып, оның қызметтік борышына адалдығын, ерлігін және қайсарлығын атап өтті. Оның ерлігі Отанға шынайы қызмет етудің, азаматтардың қауіпсіздігін қорғаудың үлгісі ретінде ұрпақ жадында сақталатыны айтылды.
Шараға қатысушылар азаматтардың қауіпсіздігі жолында өмірін қиған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің есімін ұлықтау – мемлекет пен қоғамның ортақ парызы екенін атап өтті. Батырдың есімін туған жеріндегі көшелердің біріне беру – оның ерлігіне көрсетілген зор құрмет және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.
Полиция сержанты Қайрат Бекенов қызметтік міндетін орындау барысында қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Ерлігі мен батылдығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қайрат Бекеновтің есімі Маңғыстау облысы мен Қазақстанның ішкі істер органдары тарихында ерлік, қайсарлық және Заңға, Отанға, халыққа адал қызмет етудің символы ретінде мәңгі сақталады. Оның ерлігі жас полицейлерге үлгі болып, есімі тұрғындар мен кейінгі ұрпақтың жүрегінде өмір сүре береді.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1257302?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау