5 тамызда Түркияда тұратын Қазақстан азаматы интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Әйел шамамен 300 мың теңгесін түрік лирасына айырбастауды жоспарлап, Telegram мессенджері арқылы көмек іздеген.
Алаяқ әйелдің танысының суретін пайдаланып, соның атынан онымен хат алмасқан. Таныс адамымен сөйлесіп отырғанына сенген жәбірленуші алаяқтың сөзіне еріп, ақшасын аударған. Алданғанын түсінген әйел банкке жүгінген. Сол сәтте ол ақшасын қайтарып алатынына аса үміттенбеген.
Алайда қаржы ұйымы мен CyberPol бөлімшесінің өзара іс-қимылы нәтижесінде оның өтініші назардан тыс қалмады.
Жәбірленушімен Ақтөбе қаласы полиция басқармасының киберқылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі Молдаш Жақсыбаев байланысқа шықты.
Әйелдің Қазақстаннан тыс жерде тұратынына қарамастан, полиция қызметкері оқиғаның мән-жайын мұқият зерделеп, әрі қарай қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ Telegram желісіндегі алаяқтың цифрлық іздерін дұрыс тіркеуге көмектесті.
Полиция қызметкерінің кәсіби көмегі мен нақты түсіндірулерінің арқасында жәбірленуші қажетті ақпараттарды жинап, нәтижесінде шамамен 300 мың теңге көлеміндегі қаражатын толық қайтарып алды.
– Ақшамды қайтара аламын деп үміттенбедім. Полиция қызметкері мені мұқият тыңдап, жағдайды толық түсініп, не істеу керектігін нақты түсіндірді. Оның көмегі мен кәсіби кеңесінің арқасында қажетті деректерді дұрыс тіркеп, қаражатымды қайтарып алдым, — деді жәбірленуші.
Ол полиция қызметкерінің кәсібилігімен қатар, адамға деген жанашырлығы мен мұқият қарым-қатынасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстаннан тыс жерде жүрсе де, отандық полицияның көмегін сезіну маңызды болған.
Бұл жағдай интернет-алаяқтыққа тап болған кезде уақыт жоғалтпай банкке және полицияға жүгінудің маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Цифрлық іздерді дер кезінде тіркеу және жәбірленушінің дұрыс әрекет етуі қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1272250?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау