14 тамыз 2026 жыл, Белград – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Белградқа жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі тақырыбы 2024 жылы Мемлекет басшысының Сербияға жасаған ресми сапары және 2026 жылғы ақпанда Сербия Президенті Александр Вучичтің Астанаға жасаған сапары қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылау болды.
Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен кездесуде Қазақстан-Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 4-отырысы хаттамасының тармақтарын практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелері, сондай-ақ, Комиссияның кезекті отырысын өткізу перспективалары және оның мазмұндық тұрғыдан толтырылуы талқыланды.
Сербия СІМ Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен өзара қызығушылық тудыратын өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Тараптар биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырған екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейде екенін атап өтіп, екіжақты диалог аясында да, халықаралық аренадағы өзара қолдау тұрғысынан да әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда серб тарапы Қазақстанның Сербияның аумақтық тұтастығын қолдайтыны үшін алғысын білдірді.
Қазақстанның Белградта өтетін алдағы EXPO-2027 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселелері Сербияның ішкі және сыртқы сауда министрі, көрме комиссары Ягода Лазаревичпен кездесуде талқыланды.
Астананың EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және екіжақты байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделі екендерін білдірді. Я.Лазаревич Қазақстанның өңірлік логистикалық хабқа ғана емес, Еуропа мен Азия арасындағы жаһандық көпірге айналу бағытындағы серпінді трансформациясын атап өтті.
Сербияның халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі портфельсіз министрі Ненад Поповичпен кездесу қорытындысы бойынша ресми Белградтың Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бағыты расталды.
Ядролық өнеркәсіп, тұқым шаруашылығы, жоғары білім беру, сондай-ақ, ғарыштық технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары атап өтілді.
Екі елдің іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту перспективалары Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің мүшелерімен өткен кездесуде талқыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-belgrad/press/news/details/1274026?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау