Көліктегі полиция департаментінде ҚР ІІМ Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековпен кездесу өтті.
Ашық форматтағы жүздесудің өзегіне ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылықтар және жас қызметкерлерді тәрбиелеу мәселелері арқау болды. Кездесу барысында үлкенді сыйлау, отбасы құндылықтарын сақтау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, тарихты білу және ұлттық дәстүрлерді қастерлеудің маңызы сөз болды.
Ө.Болсамбеков алдағы Құрылтай сайлауына ерекше тоқталып, қызметкерлердің өз міндеттерін мінсіз орындауы, заңдылықты қатаң сақтауы және қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеуі қажет екенін атап өтті. Ол көлік полицейлерін осы кезеңге барынша жауапкершілікпен қарап, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге шақырды.
Кездесуде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатына да ерекше мән берілді. Теміржол және әуе көлігі нысандарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін тәртіпті сақтау, заң талаптарын мүлтіксіз орындау және жеке жауапкершілік айрықша маңызға ие екені айтылды.
Ардагерлер ұйымының жас буын полицейлерін тәрбиелеудегі рөліне де назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі ұстанымдары – халыққа қызмет ету, Конституцияны сақтау және антқа адал болу. Бүгінде ардагерлер Департамент жанындағы түрлі комиссиялардың жұмысына белсене қатысып, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар олардың мол қызметтік тәжірибесі жас қызметкерлерге тәлім болып, буындар арасындағы сабақтастықты жалғастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Ө.Болсамбеков жас қызметкерлерді ішкі істер органдарындағы үздік дәстүрлерді лайықты жалғастыруға, адалдық пен тәртіпті берік ұстанып, қызметтік міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқаруға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1274485?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау