Өскеменнен РФ шекарасына дейінгі 121 шақырым жол толық жаңартылады.
Шығыс Қазақстанда республикалық маңызы бар «Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» тасжолын ауқымды жөндеу жұмыстары аяқталуда. Ұзындығы 121 шақырым болатын бұл бағыт облысты Ресей Федерациясымен байланыстырады.
Жұмыстар өткен жылы басталды. 2025 жылы ұзындығы 30 шақырым болатын учаске толық жөнделіп, көлік қозғалысы үшін ашылды. Биыл жөндеу жұмыстары қалған 91 шақырымды қамтыды.
Жұмыстарды ұйымдастыруға ыңғайлы болу үшін жол үш учаскеге бөлінді. Бірінші учаскеде барлық құрылыс-монтаж жұмысы толығымен аяқталды. Екінші учаскеде асфальтбетон толық төселді, қазір мамандар жол жиектерін абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл учаскені тамыз айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Үшінші учаскеде асфальтбетон төсеу жұмыстары жалғасуда. Нысан екі жылға есептелгеніне қарамастан, мердігер ұйым барлық жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жөндеу жұмыстары қолданыстағы жол төсемін суық ресайклинг әдісімен қалпына келтіріп, асфальтбетонның екі қабатын төсеуді қамтиды. Сондай-ақ су өткізгіш құбырлар орнатылып, жол жиектері нығайтылып, жол белгілері салынуда.
Жұмыстардың сапасы мен мерзімі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бақылауында. Жол жұмыстарының уақтылы әрі сапалы орындалуына техникалық қадағалау мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары жауапты. Бас мердігер – «ОблШығысЖол» ЖШС.
Жөнделген учаскелер ресми түрде пайдалануға берілгеннен кейін оларға бес жылдық кепілдік беріледі. Ақаулар анықталған жағдайда мердігер оларды өз есебінен жоюға міндетті.
Осылайша, ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Өскеменнен Ресей шекарасына дейінгі 121 шақырымдық жол нормативтік жағдайға келтіріледі: 2025 жылы 30 шақырым жаңартылды, биыл тағы 91 шақырым жол жөнделіп жатыр.
_(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті)._
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1275079?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау