Тараз қаласында Жамбыл облысының Жастар ресурстық орталықтары мамандарына арналған үш күндік «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» басталды. Оқыту семинар-тренингі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Бағдарлама тәжірибе алмасуға және жастармен жұмыс істеудің заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Сонымен қатар мамандар тиімді шешім қабылдау дағдыларын жетілдіріп, күнделікті жұмыста жаңа тәсілдерді қолдануды үйренеді.
Оқу барысында қатысушылар медиа және жасанды интеллект саласындағы сарапшылар мен тренерлерден білім алады. Жастар ресурстық орталықтары жұмысында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді пайдалану, жастарға қолдау көрсету және тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері қарастырылады.
Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды.
Бүгінде Қазақстанда 235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның 17-сі облыстық, 37-сі қалалық, 181-і аудандық деңгейде қызмет көрсетеді. Орталықтар жастарға ақпараттық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.
«Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, өңірлерде мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1276552?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау