Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Жыл басынан бері өңірде 15-тен астам ірі экологиялық акция ұйымдастырылды. Сонымен қатар әрбір елді мекен бойынша 7 257 іс-шарадан тұратын жоспар бекітіліп, бүгінгі таңда оның 4 515-і орындалды.
Атап айтқанда, «Тазару күні», «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Халықаралық қалдықсыз күні», «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза ауыл», «Таза аула», «Жасыл болашақ», «Таза су айдындары», «Орман өрттерінің алдын алу шаралары» секілді экологиялық акциялар өткізілді. Аудандарда «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Парктер шеруі», «Жасыл белдеу» сияқты бастамалар жүзеге асырылып, табиғатты қорғау жұмыстарына тұрғындардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар 25 сәуір күні Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президентімен телекөпір арқылы байланыс орнатылды.
Жалпы атқарылған экологиялық іс-шараларға 476,2 мың тұрғын мен 1 222 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 16 391 тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық мәселелерді жедел анықтап, шешуге мүмкіндік беретін TAZAQAZBOT онлайн-платформасы да белсенді қолданылуда. Жыл басынан бері тұрғындардан келіп түскен 2 267 өтінім бойынша кері байланыс берілді.
Экологиялық білім мен мәдениетті қалыптастыру «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес экологиялық білім беру және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 256-ға жуық экологиялық тәрбие сағаты, 560 сурет байқауы, 4 669 дөңгелек үстел және 68 акция ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыстағы білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында «Шикізат жинау көшбасшысы», «Экологиялық бастамалар көшбасшысы», «Үлкен әлеует» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жобаның негізгі мақсаты – ресурстарды ұқыпты әрі тиімді пайдалану, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру және қалдықтарды бөлек жинауға үйрету.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаз айларында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні», «Экологтар күні», «Таза су айдындары», «Орман өрттерінің алдын алу шаралары» тақырыптарында экологиялық акциялар өтті.
Аталған жұмыстарға 63,2 мың тұрғын мен 560 арнайы техника жұмылдырылып, 14 747 тонна қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар TAZAQAZBOT онлайн-платформасы арқылы 2 112 өтінімге кері байланыс берілді.
Түркістан облысында қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру және туған өлкені көркейту бағытында тұраақты түрде сенбіліктер, санитарлық тазалық жұмыстары, абаттандыру және көгалдандыру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Елді мекендердегі көшелер мен аулалар, саябақтар мен скверлер, арық-атыздар және ортақ пайдаланылатын аумақтар тазартылып, ретке келтірілуде. Сонымен қатар ағаштарды күтіп-баптау, жаңа көшеттер отырғызу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына да ерекше мән берілуде.
«Таза Қазақстан» – бір реттік акция емес, тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған ортақ бастама. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау және туған жерді таза ұстау жұмыстарына мемлекеттік органдармен қатар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, жастар және барша тұрғындар белсенді атсалысуда.
Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің тазалығы мен көркейту ісіне басымдық берілетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1279150?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау