Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Жаңа білім ошағының ашылу салтанатына Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол, ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, бұл нысанның ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жаңа мектеп білім сапасының артуына ықпал етеді. Ендігі мақсат – ауылдағы балаларға сапалы білім беретін мұғалімдерді цифрлық мүмкіндіктер арқылы жеткізу. Сонда балаларымыз қай жерде оқыса да, жақсы білімге қол жеткізе алады. Президенттің бүгінгі таңда алдымызға қойып отырған басты талабы да осы», – деді Талғат Өтемұратов.
Бүгінде Ащысай негізгі мектебінде 21 мұғалім қызмет атқарып, 48 оқушы білім алады. Жаңа мектептің пайдалануға берілуі оқушылар мен ұстаздарға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа білім ошағы барлық заманауи талаптарға сай салынған. Мектепте химия және физика пәндеріне арналған арнайы кабинеттер мен толық жабдықталған зертханалар қарастырылған. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына және жаратылыстану бағытындағы пәндерді терең меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мектепте оқушылардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына арналған кең әрі жайлы спорт залы, сондай-ақ қажетті талаптарға сай жабдықталған асхана бар. Білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін мектеп қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын «Ынтымақ бес арыс» ЖШС жүргізді.
Жаңа білім ошағы – Ащысай ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл балаларының сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1284634?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау