«Астана-Теплотранзит» АҚ-да 2010 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан оқшаулаушы Серік Гильманов бүгінде елорданың жылу желілеріндегі көрінбейтін, бірақ маңызды жұмыстың бірін атқарып жүр. Оның еңбек жолы тәжірибе жинау, үнемі іздену және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың нәтижесінде қалыптасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Серік Сүлейменұлының айтуынша, кез келген кәсіптің бастапқы кезеңі оңай емес. Оқшаулаушы жұмысының қыр-сырын меңгерген алғашқы жылдары оған тәжірибеден гөрі күн сайын жаңа нәрсе үйренуге деген ұмтылыс көбірек көмектескен.
«Бұл мамандыққа келген кезде оның осынша жылға созылатынын ойлаған жоқпын. Алғашқы кезде үйренетін нәрсе көп болды. Уақыт өте келе, жұмыстың өзіне бейімделіп, тәжірибе жинай бастайсың», – дейді Серік Гильманов.
Оның қазіргі жұмысының негізгі бөлігі – елорданың жылу желілеріндегі зақымданған учаскелердің оқшаулауын қалпына келтіру. Қарапайым тілмен айтқанда, мамандар жылу тасымалдайтын құбырлардың сыртқы қабатындағы оқшаулаудың бүтіндігін қамтамасыз етеді. Бұл жылудың босқа жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді.
«Бір нәрсені жақсы білу аздық етеді. Жұмыстың әр кезеңінде ұқыптылық керек. Кейде қол жетуі қиын жерлерде жұмыс істеуге тура келеді. Сондай сәттерде қалыптасқан тәжірибе де, ойлап шешім таба білу де көмектеседі», – дейді ол.
Энергетика саласында еңбек еткен жылдары оның алдында технология да, жұмыс тәсілдері де өзгерді. Бірақ маманның өзіне деген талабы өзгермеген, ол – жаңа нәрсені үйрену.
«Марапат алған сәтте ең алдымен осы жылдардағы еңбегіңнің босқа кетпегенін сезінесің. Әрине, адамға өз жұмысының бағаланғаны жақсы әсер етеді», – дейді Серік Сүлейменұлы.
Бүгінде 26 жылдан астам еңбек өтілі бар маман өз кәсібіне жаңадан келетін жастарға да қарапайым кеңес береді. Оның пікірінше, жұмысшы мамандығының қадірі тәжірибемен ғана емес, адамның өз ісіне деген көзқарасымен қалыптасады.
«Жастарға ең бастысы тоқтап қалмауға кеңес берер едім. Үйренуден, ізденуден қорықпау керек. Қандай кәсіпті таңдасаң да, соны жақсы меңгеруге тырысқан дұрыс», – деп сөзін қорытындылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1289994?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау