Азаматтардың көшелерде, саябақтарда, кіреберістерде, сауда үйлерінде және басқа да қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын мас күйінде жүруі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Ағымдағы жылы алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 7854 фактінің жолы кесілді, — деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
Мәселен, Заслонов көшесіндегі үйдің ауласында орналасқан балалар алаңында бір топ жас жігіт алкогольдік ішімдіктер ішкен. Мұндай әрекетке наразы болған көпқабатты үй тұрғындары полицияға хабарласқан.
Осыған ұқсас жағдай М. Жүсіп көшесінде де орын алған. Мұнда спирттік ішімдік ішкен жігіттер өтіп бара жатқан азаматтардың ескертуіне құлақ аспай, өздерін әдепсіз ұстаған. Олар айқайлап, балағат сөздер айтқан.
Екі жағдайда да оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Сонымен қатар олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция департаменті азаматтарды алкогольдік ішімдікке мас болған адамды байқаса, өз бетінше әрекет жасамауға шақырады.
Мұндай жағдайда аталған адамның тарапынан болуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу немесе оның өзін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін дереу полицияға хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1291958?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау