ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА МАМАНДАР ДАЯРЛАУ ЖҮЙЕСІ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мамандар даярлау жүйесін халықаралық білім беру тәжірибелері мен заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), ХЕҰ-ның Халықаралық оқу орталығы (ITCILO), «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы, кәсіподақтар және Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының (ЕҚРҒЗИ) өзара ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда. Негізгі бағыттардың бірі – білікті тренерлерді даярлау. Олар алдағы уақытта ұйымдар мен кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша мамандарды оқытатын болады. 2024 жылдан бастап ХЕҰ, ITCILO және «PARYZ» бірлесіп еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ішкі тренерлерді даярлау бағдарламаларын іске асырып келеді. Ынтымақтастық аясында тренерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған Essentials of Occupational Safety and Health бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы бағдарлама ХЕҰ-ның «Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде әлеуметтік диалог арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жәрдемдесу» жобасының қолдауымен пилоттық форматта іске асырылды. ХЕҰ мәліметінше, 2024 жылдан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы әлеуетті арттыру бағдарламаларына «PARYZ» ұйымының 80-нен астам тренері мен қызметкері қатысты. 2026 жылы ITCILO қолдауымен PARYZ Education цифрлық білім беру платформасы жұмысын бастады. Бұл мамандарды қашықтан даярлау мүмкіндігін кеңейтуге жол ашты. Ағымдағы жылдың шілде айында 25 тренер мен платформа қызметкері цифрлық оқытуды әзірлеу бойынша оқу бағдарламасын аяқтады. Тау-кен өнеркәсібі үшін мамандар даярлауға да ерекше назар аударылуда. «Тау-кен өнеркәсібіндегі еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы» онлайн-курсы ENBEK цифрлық экожүйесіне интеграцияланды. Сонымен қатар ЕҚРҒЗИ мамандары Қарағанды, Екібастұз және Өскемен қалаларында үш оқыту семинарын өткізіп, оған 90 адам қатысты. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында заманауи цифрлық құралдарды дамыту. ХЕҰ жобасы аясында кәсіби өзара іс-қимыл жасауға және бейінді материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін E-Collab.OSH порталы іске қосылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1291961?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау