Маңғыстауда төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары күшейтіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстауда төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары күшейтіледі

Бүгін, 16 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйі, жылыту маусымына дайындық және су тасқыны кезеңінің қорытындылары қаралды.

Алдымен елді мекендердегі өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйі қаралды. Жауапты қызметтердің мәліметінше, өрт гидранттарының техникалық жағдайы тұрақты бақылауда. Оларды тиісті деңгейде ұстау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Осыған байланысты облыс әкімі жауапты коммуналдық мекемелер мен қала, аудан әкімдіктеріне өрт гидранттарын тиісті ұйымдардың теңгеріміне беру, жарамсыз нысандарды қалпына келтіру және анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Жиында алдағы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептерінің бірі – электр жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталмауы. Сонымен қатар газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан тұрғындардың зардап шегу жағдайлары да тіркелген.

Өңір басшысы жылыту маусымына дайындықты күшейтіп, әлеуметтік осал санаттағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, газ қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ су тасқыны кезеңінің қорытындысы қаралды. Мамандар нөсер жауын мен жер асты суларының көтерілуіне байланысты бірқатар елді мекендерде су жиналу қаупі бар екенін атап өтті. Көктемгі кезеңде кейбір елді мекендерде тұрғын үйлер мен аулаларды су басу жағдайлары тіркелген.

Проблеманың негізгі себептерінің бірі ретінде жекелеген елді мекендердегі кәріз және су бұру жүйелерінің жеткіліксіздігі айтылды. Осыған байланысты су басу қаупі бар аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды дамыту және алдын алу шараларын күшейту ұсынылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек екенін атап өтті.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің ортақ міндеті. Қауіптің алдын ала анықталған әрбір нүктесі бойынша нақты шаралар қабылдануы керек. Өрт қауіпсіздігі, жылыту маусымына дайындық және су басу қаупі бар аумақтар бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, анықталған мәселелерді уақытылы шешу қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға, қала және аудан әкімдіктеріне өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жылыту маусымына сапалы дайындалу және су басу қаупінің алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1293018?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version