Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына барып, Ақой ауылындағы су жинағыш станциясында болды.
Елді мекенде 63 абонент бар. Оның 25-і орталықтандырылған су құбырына қосылған. Тағы 8 үйге қажетті қазу жұмыстары жүргізілген. Қазір қалған 30 үйді орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су жинағыш станциясының құрамында екі сорғы станциясы, екі таза су резервуары, екінші көтерілімдегі сорғы станциясы, күзет үй-жайы, комплектілі трансформаторлық қосалқы станция (КТП), дизельді электр станциясы және санитарлық блок қарастырылған.
Нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік талаптарға сәйкес өртке қарсы жүйе бар. Атап айтқанда, сақиналы су құбыры желісіндегі құдықтарға өрт гидранттары орнатылған. Олар сыртқы өрт сөндіру жүйесін қамтамасыз етеді.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – елді мекендердегі негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Өз көзімізбен көріп, судың сапасын тексерейік деп ауылдарыңызға арнайы келдік. Жұмыс жақсы, сапалы жасалыпты. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Енді халық сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі деп сенеміз», – деді Берік Уәли.
Жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.
«Ауылымызға су тартылғанына қуаныштымыз. Қаншама жыл бізде таза ауыз су болмаған. Өзеннің суын ішіп келдік. Құдықтан ішкен суымыз тұзды болды. Осы жобаға атсалысқан барлық адамдарға алғысымызды айтамыз», – деді ауыл тұрғыны Күлзатхан Жеткенова.
Қазіргі таңда Абай облысында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 32 жоба жүзеге асырылуда. 30 ауылға су берілді, 2 жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуда.
Облыста 31 су құбырларын қайта құру жобалары іске асырылуда. Көкпекті ауданының Биғаш, Қарамойыл, Шәріптоғай, Мамай, Шұғылбай ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1294233?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау