Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысындағы сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Целиноград ауданында министр Покровка жерасты су кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейінгі су құбырының құрылысы барысын көрді. Жоба аясында Төңкеріс ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және Арайлы ауылының сумен жабдықталуын жақсарту да көзделген. Қорғалжын ауданында Нұржан Нұржігітов Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Бірінші кезек аясында жаңа су алу құрылысы мен топтық су құбырының бас құрылыстарын салу, сондай-ақ Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарындағы 21 ауылды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 162 км магистральдық су құбырын және ұзындығы 22,4 км пайдалану жолдарын салу көзделген. Қазіргі уақытта су сынақ режимінде берілуде. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша жаңа су құбырына алты ауылды қосу жұмыстары жүргізілді. Екінші кезек аясында Қорғалжын ауданының ауылдық елді мекендерін тұрақты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында магистральдық су құбырынан алты ауылға тармақтар және екі ауылға су құбыры құрылыстарының алаңдарын салу қарастырылған. Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық іс-шараларды толық орындау 2026–2027 жылдары жоспарланып отыр. Бұдан кейін министр «Алва» лимандық суару жүйесінің бас құрылысын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Жоба нысанды күрделі жөндеуді, автоматтандырылған су төгетін құрылғы орнатуды және бас құрылысқа іргелес жер бөгеттерін қалпына келтіруді көздейді. Бүгінде қақпаларды орнату, еңістерді және темірбетон конструкцияларын күшейту жұмыстары аяқталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтау жыл соңына дейін жоспарланған. Жобалардың іске асырылу барысы, атқарылып жатқан жұмыстар және негізгі көрсеткіштер туралы Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасарлары Нұрбек Сериков пен Әділбек Аубакиров баяндады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/komwater/press/news/details/1294546?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау