Алматы №4 ҚКА дәрігерлері Түркі әлемінің ортопедия және травматология бойынша VI конгресіне Қазақстанның атынан қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог- ортопедтері 2026 жылғы 19-20 қыркүйек аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтіп жатқан Түркі әлемінің ортопедия және травматология бойынша VI конгресіне қатысты.

Конгресс Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Ташкент халықаралық Kimyo университеті және Сүйек пен буын хирургиясы қоғамының (Kemik ve Eklem Cerrahisi Derneği) қатысуымен ұйымдастырылды. Халықаралық жиынға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Босния және Герцеговина, Косово мен Грекияның ортопедия және травматология саласының мамандары, сондай-ақ басқа да елдердің ғалымдары мен дәрігерлері қатысты.

Конгресс – кәсіби тәжірибе алмасуға, диагностика мен хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін талқылауға, сондай-ақ ортопедия және травматология саласындағы халықаралық ғылыми әрі клиникалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін кәсіби алаң. Жиынның негізгі міндетінің бірі – Түркі әлемі мамандарының басын қосып, жинақталған клиникалық тәжірибені бөлісу.

Конгрестің ерекшелігі – оның тұрақты түрде халықаралық деңгейде өткізілуі. Бұл іс-шара 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және осы уақыт ішінде өңірдің түрлі елінде кезек-кезегімен өтті.

Алдыңғы Түркі әлемінің ортопедия және травматология бойынша V конгресі Әзербайжанның Шуша қаласында ұйымдастырылған болатын. Оған Түркі әлемінің ортопедия және травматология саласындағы 150-ге жуық маманы қатысқан.

Осылайша, Ташкентте өтіп жатқан VI конгресс мамандар арасындағы халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың қалыптасқан дәстүрін жалғастырып жатыр. Қазақстандық дәрігерлер үшін мұндай халықаралық іс-шараға қатысу – өзінің клиникалық тәжірибесін таныстыруға, шетелдік әріптестерімен заманауи емдеу тәсілдерін талқылауға және кәсіби байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық сессия

VI конгресс аясында Қазақстанның тәжірибесіне арналған арнайы сессия өтті.
Сессияға травматология және ортопедия саласының мамандары төрағалық етті:

* Досмаилов Биржан Серикбекович – Алматы №4 ҚКА директоры, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор;
* Набиев Ергали Нугуманович – ҚазҰМУ Травматология және ортопедия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы;
* Алходжаев Саруарбек Султанбекович – ҚазҰМУ Травматология және ортопедия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты;
* Алимжан Баймурат – Анкара қаласындағы Gazi University қауымдастырылған профессоры, PhD;
* Әбилда Еркебұлан Мұзамедьярұлы – Алматы №4 ҚКА травматолог-ортопед дәрігері, ҚДСЖМ Қазақстан медициналық университетінің докторанты.

Қазақстандық сессия барысында травматология мен ортопедияның заманауи бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда:

* тізе буынын эндопротездеуден кейінгі телереабилитация және осы бағыттағы мәселенің қазіргі жай-күйі;
* тоқпан жіліктің проксималді бөлігінің сынықтарын хирургиялық жолмен емдеу нәтижелері;
* ірі буындарды эндопротездеу кезіндегі робот көмегімен жасалатын хирургиялық ем;
* Ахилл сіңірінің зақымдануын диагностикалау және хирургиялық жолмен емдеу;
* бұғананың акромиалді ұшының шығуын хирургиялық жолмен емдеу әдістері.

Қазақстандық мамандардың конгресс бағдарламасына қатысуы отандық травматология және ортопедия мектебінің клиникалық әрі ғылыми тәжірибесінің халықаралық кәсіби ортадағы маңызын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1295418?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version