Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Өңірде Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, оған 73 885 адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, тазалыққа жауапты мекеме өкілдері және жалпы тұрғындар бар. Нәтижесінде 1 124 гектар аумақ тазартылып, 815,3 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Өңір басшысы аудан және қала әкімдіктеріне тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктер бойынша ескерту тақтайшалары мен бейнебақылау камераларын орнату және рейдтік жұмыстарды тұрақты ұйымдастыруды ескертті.
Жиында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Облыста тазалық талаптарының сақталуына бақылау күшейтілген. Сауран, Отырар аудандарында және Кентау қаласында полиция және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі өкілдерінен құралған мобильді топтар қоғамдық орындарда рейд жүргізді. Нәтижесінде тазалық талаптарын бұзудың 60 фактісі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жалпы қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 434-2-бап бойынша 6 110 хаттама толтырылып, 178 млн теңге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 64 %-ға төмендеген. Ал 505-бап бойынша 8 528 хаттама рәсімделіп, 49,7 млн теңге айыппұл салынған. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 4 591 хаттама толтырылып 21,6 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Жиналыс барысында сонымен қатар кейбір аудандар мен қалаларда аталған бағыттағы жұмыстардың қарқыны төмен екені атап өтілді.
Жетісай ауданында жүргізілген мониторинг нәтижесінде 46 кемшілік анықталды. Оның 6-ауы – саябақтарға, 34-і – бей-берекет қоқыс орындарына, 6-ы – көпқабатты үйлердің аулаларына қатысты. Анықталған кемшіліктерді бір апта мерзімде жою бойынша тапсырмалар берілді.
Айта кетсек, «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 2962 өтініш түскен. Оның 2 791-і орындалса, 171-ы орындалу барысында.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1297197?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау