Көкшетаудан Ұлытауға: ауыл маған өзімді дамытуға және жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік берді.

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Ұлытау облысының білім басқармасының, Жаңаарқа ауданының білім бөлімінің, Ынтымақ жалпы білім беретін мектебінің математика-физика пәндерінің мұғалімі Шынарбек Ахмарал

 

Көкшетаудан Ұлытауға: ауыл маған өзімді дамытуға және жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік берді.

 

Бүгінде ауылға барып еңбек етуді таңдаған жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – математика және физика пәндерінің мұғалімі Шынарбек Ахмарал. Ол 2024 жылы Көкшетау қаласынан Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Ынтымақ ауылына қоныс аударып, Ынтымақ жалпы білім беретін мектебінде еңбек жолын жалғастыруда.

 

Жас маманның айтуынша, ауылға келу оның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі болған.

“Ауылға келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, бұл қадам маған өзімді дамытуға, кәсіби тұрғыдан өсуге және жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік берді”, – дейді ол.

 

Ахмарал 2018-2022 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында білім алып, математика және физика пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Студент кезінен-ақ ауыл мектебінде жұмыс істеп, балалардың сапалы білім алуына үлес қосуды армандаған.

 

2024 жылы ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Ұлытау облысына келіп, Ынтымақ ауылындағы мектепке жұмысқа орналасады. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан қолдау алып, баспаналы болған.

“Жас маман үшін мұндай қолдау өте маңызды. Жаңа ортаға тез бейімделуге және болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі”, – дейді мұғалім.

Бүгінде Ахмарал тек сабақ берумен ғана шектелмейді. Ол оқушыларды ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадаларға және түрлі білім бәйгелеріне дайындап келеді. Оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

“Мұғалім үшін ең үлкен марапат – оқушысының жетістігі. Балалардың жеңісі мен үшін де үлкен қуаныш”, – дейді ол.

Өзі де кәсіби қызметінде түрлі жетістіктерге қол жеткізген. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларға белсенді қатысып, марапаттарға ие болған.

 

Мұғалімнің тағы бір қыры – спортқа жақындығы. Ол волейбол мен стритболды ерекше жақсы көреді. Мұғалімдер арасында өтетін жарыстарға тұрақты қатысып, аудандық және облыстық турнирлерде жүлделі орындарға ие болған.

“Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа жетуге үйретеді. Бұл қасиеттер мұғалімдік қызметте де өте қажет”, – дейді Ахмарал.

Оның айтуынша, ауыл өмірінің өзіндік артықшылықтары көп.

“Қалада мүмкіндік көп деп айтамыз. Бірақ ауылда өзіңді көрсетуге, бастама көтеруге және қоғамға пайдаңды тигізуге мол мүмкіндік бар. Мұнда әрбір жетістік бағаланады, әрбір еңбек еленеді. Ең бастысы – адамдардың шынайылығы мен қолдауы ерекше сезіледі”, – дейді ол.

 

Қазіргі таңда Ахмарал мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып, түрлі білім беру жобаларын жүзеге асыруда. Болашақта заманауи технологияларды пайдалана отырып, математика мен физика пәндерін оқытудың жаңа әдістерін енгізуді жоспарлайды.

 

“Ауыл маған үлкен тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Осында келіп, өзімнің дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Егер жастарға кеңес берер болсам, ауылдан қорықпаңыздар дер едім. Ауыл – үлкен жетістіктерге бастайтын орта”, – дейді жас ұстаз.

 

Бүгінде Ахмарал Шынарбек үшін Ынтымақ ауылы тек жұмыс орны ғана емес, кәсіби дамуына жол ашқан, жаңа мақсаттарға жетелеген туған мекенге айналған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-zhanaarka/press/news/details/1300047?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version