2026 жылғы 9 қазанда Ақтау қаласындағы «Holiday Inn Aktau» қонақүйінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
«Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, кәсіподақ мүшелері, әлеуметтік әріптестер және өңірдің түрлі мекемелерінің өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Бекбергенов бастаған өңірдегі салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері ашты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балтожаева, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Рзаханов, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Ақтау қаласындағы өкілдігінің директоры Дәурен Мұратбай қатысты.
Жиын барысында еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен маңызы атап өтіліп, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөліне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қатынастарын жетілдіру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы айтылды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау және еңбек қатынастары саласындағы заңдылықты нығайту бағытында жұмыс жүргізеді. Осы орайда кәсіподақ ұйымдарымен және әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастық орнату еңбек адамының құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Кәсіподақтар күні – адал еңбекті бағалап, еңбек адамдарына құрмет көрсететін, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңызын айқындайтын мереке.
Еңбек адамына құрмет – елге құрмет!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-enbek/press/news/details/1308675?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау