
Қордай ауданында «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, мектеп директорлары мен педагогтер, мобильдік топ мүшелері, ата-аналар және бейінді қызмет мамандары қатысты. Кездесуді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жүргізді.
Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Қордай ауданының білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қуанышбек Нұрғалиев және Облыстық психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова өз бағыттары бойынша ақпарат берді.
Кездесу барысында буллингтің алдын алу және бала қауіпсіздігіне арналған бейнеролик көрсетіліп, қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығы атап өтілді.
Бала қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Мектеп баланың мінез-құлқындағы өзгерісті байқаса, ата-ана оның жан дүниесіне көңіл бөліп, мамандар қажетті көмек көрсетіп, мемлекеттік органдар құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/childrenrights-zhambyl/press/news/details/1309622?lang=ru

Жауап қалдыру