
2026 жылғы 13 қазанда Талдықорған қаласында «Әлеуметтік саясатты жетілдіру және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мәселелері бойынша» семинар-кеңес өтті.
Семинар аясында «Отбасының цифрлық картасындағы» «А» және «В» деңгейлеріне жатқызылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерінің өзгеруіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға тақырып бойынша слайдтар көрсетіліп, негізгі мәселелер түсіндірілді.
Жиынның негізгі мақсаты – әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шаралары туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту және жәрдемақы алушы отбасылардың әлеуметтік жағдайын зерделеу.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Жиында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Зайда Ілімжанова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Жетісу облысы бойынша директоры Эльмира Боранбек және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Азбергенов баяндама жасады.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақтар қойылды, ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік төлемдерді оңтайландыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін түсіндіру мәселелеріне назар аударылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-social-employment/press/news/details/1310213?lang=ru

Жауап қалдыру