7 жылдық жетістіктер

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Инвестициялық белсенділік — Қазақстанның экономикалық дамуының басты факторларының бірі. Елде жаңа инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылып, жұмыс істеп тұрған өндірістер кеңейтілуде, сондай-ақ қосымша жұмыс орындары құрылуда. Сонымен қатар инвестициялық климатты жақсарту, жеке капиталды тарту және экономиканы жаңғырту бойынша шаралар қабылдануда. Осының барлығы одан әрі экономикалық өсуге, өндірістік әлеуетті арттыруға және отандық кәсіпорындардың позициясын нығайтуға негіз қалайды.
Оң динамика негізгі капиталға салынған инвестициялар статистикасынан да көрінеді. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша олардың көлемі 17%-ға артты. Бұл ретте нақты көлем индексі (НКИ) 108,1%-ды құрады, бұл баға өзгерістерін ескергенде инвестициялардың нақты 8,1%-ға өскенін көрсетеді.
 Өнеркәсіп — инвестициялық белсенділіктің басты драйвері
Инвестициялық белсенділікте өнеркәсіп жетекші рөлді сақтап келеді. 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша салаға салынған күрделі жұмсалымдар экономика бойынша негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 40%-ынан сәл астамын құрады. Оның ішінде:
 * 14,1% немесе 1,9 трлн теңге — өңдеу өнеркәсібіне;
 * 13,9% немесе 1,87 трлн теңге — тау-кен өндірісі өнеркәсібіне;
 * 9,7% немесе 1,3 трлн теңге — электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға;
 * 2,9% немесе 388,2 млрд теңге — сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, сондай-ақ ластануды жою бойынша қызметке тиесілі болды.
Өңдеу өнеркәсібі мен энергетика секторында ерекше қарқын байқалады. Бирінші жағдайда күрделі жұмсалымдардың нақты өсімі 39,9%-ды құрап, ел бойынша орташа көрсеткіштен едәуір асып түсті. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға салынған инвестициялар 49,3%-ға артты.
Бұл көрсеткіштер өнеркәсіптік өндірісті кеңейту, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және елдің өндірістік базасын нығайту үшін маңызды секторларда инвестициялық белсенділіктің күшейгенін дәлелдейді.
Бұл жерде сөз бір реттік қысқа мерзімді өсім туралы болып отырған жоқ. Жоғары инвестициялық белсенділік, «коронадағдарыс» орын алған 2020 жылды есепке алмағанда, соңғы жылдардың барлығында байқалып келеді. Бұдан бөлек, қарастырылып отырған кезеңдегі күрделі жұмсалымдардың рекордтық өсімі 2025 жылы тіркелді: нақтыланған жылдық деректер бойынша көрсеткіш 16,7%-ға артты. Бұл динамикаға өнеркәсіп айтарлықтай үлес қосты.
 Мыңдаған жаңа өндіріс пен жұмыс орны
Жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру инвестициялық белсенділіктің өсу факторларының біріне айналуда. 2019 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда жалпы құны 8,7 трлн теңгені құрайтын 1 226 жоба іске асырылды. Жаңа кәсіпорындарды іске қосудың арқасында 106,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Негізгі жобалардың қатарында — автомобилдер мен автокомпоненттер, полипропилен, шиналар, әйнек, ферроқорытпалар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен басқа да өнеркәсіптік өнімдер өндірісін кеңейту бар. Осылайша, инвестициялар тек өндірістік қуаттарды арттырып қана қоймай, сонымен бірге халықты жұмыспен қамтуды, сабақтас салаларды дамытуды және өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етеді.
Іске асырылған бастамалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. Салада 1 072 жоба іске қосылып, 6,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды және 93,7 мың жұмыс орны құрылды.
Жекелеген бағыттар бойынша төмендегілер ерекшеленеді:
 * машина жасау — 187 жоба;
 * тамақ өнеркәсібі — 265 жоба;
 * құрылыс материалдарын өндіру — 242 жоба;
 * химия өнеркәсібі — 57 жоба.
Осы салаларды дамыту отандық өнім түрлерін кеңейтуге, жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және ішкі нарықтың мүмкіндіктерін нығайтуға ықпал етеді.
 Трансформаторлар мен тракторлардан бастап мұнай-газ химиясы мен автопромға дейін
Соңғы жылдары Қазақстанның түрлі өңірлерінде жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыратын және елдің өнеркәсіптік мамандануын кеңейтетін кәсіпорындар пайдалануға берілді.
Шымкентте Asia Trafo күштік трансформаторлар өндірісі, Қостанай облысында «Кировец» тракторларының өндірісі іске қосылды. Қарағанды облысында автобустар, карьерлік және жол-құрылыс техникасын шығаратын QazTehna өндірісі, Қызылорда облысында табақша әйнек өндіретін және өңдейтін Orda Glass Ltd кәсіпорыны ашылды.
Мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобалардың арасында — Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. полипропилен өндірісі бар. Қарағанды облысында автомобиль шиналарын шығаратын TengriTyresKZ жобасы жүзеге асырылды.
Параллельді түрде металлургиялық және өңдеу қуаттары кеңейтілді. Елде ферроқорытпа өндірістері, құрамында алтыны бар кенді өңдеу, арнайы кокс, шойын құймасын, күкірт қышқылын, сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығару жобалары іске қосылды.
Мұндай бастамаларды жүзеге асыру тек түпкілікті өндірісті ғана емес, сонымен бірге сабақтас бағыттарды да — жинақтаушы бөлшектер мен өнеркәсіптік жабдықтарды шығарудан бастап шикізатты өңдеуге және экономиканың басқа салалары үшін материалдар өндіруге дейін дамытуға мүмкіндік береді.
 Автомобиль жасаудағы жаңа қуаттар
Өнеркәсіптік дамудың бөлек бір бағыты — автопром. Соңғы жылдары Қазақстанда автомобилдер мен жинақтаушы бөлшектерді шығару қуаттары жүйелі түрде кеңейіп келеді.
2025 жылы Алматыда Chery, Changan және Haval автомобилдерін өндіру бойынша Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жобасы жүзеге асырылды. Кәсіпорында 3,6 мың жұмыс орны құрылды.
Қостанай облысында тағы 1,5 мың жұмыс орнын ашуды қамтамасыз еткен KIA Qazaqstan өндірісі іске қосылды.
Автомобиль өнеркәсібін дамыту өндірісті оқшаулау (локализация), жеткізу тізбектерін қалыптастыру және сабақтас кәсіпорындарды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Бұдан бөлек, жаңа өндірістерді іске қосу жұмыс орындарының пайда болуына және өңірлердің өнеркәсіптік мамандануын кеңейтуге ықпал етеді.
 Өнеркәсіптік жобалар елдің барлық өңірін қамтыды
Инвестициялық бастамалар бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылып, өңірлік экономиканың дамуына және жаңа өнеркәсіптік өндіріс орталықтарының қалыптасуына ықпал етуде.
Іске асырылған жобалар саны бойынша өңірлер арасында Шымкент (130 жоба), Астана (91 жоба), Ақмола және Алматы облыстары (әрқайсысында 81 жобадан), Жамбыл облысы (76 жоба) және Алматы қаласы (71 жоба) көш бастап тұр.
Динамика қарастырылып отырған бүкіл кезең бойы сақталды. Егер 2019 жылы 81 жоба іске асырылған болса, 2025 жылы олардың саны 190-ға жетті. Сондай-ақ ең көп тұрақты жұмыс орындары 2025 жылға тиесілі болды: 22 531 жұмыс орны.
Жұмыс ағымдағы жылы да жалғасуда: жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оларды іске қосу 17,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Осылайша, өнеркәсіптік даму жүйелі сипатқа ие болуда: жаңа кәсіпорындар өндірістік базаны қалыптастырады, өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтеді және инвестицияларды одан әрі тарту үшін жағдай жасайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1310622?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді