
Маңғыстау облысының полиция департаменті тұрғындарды телефон арқылы сөйлесу кезінде, интернет-дүкендерден тауар сатып алғанда және мобильді қосымшаларды пайдаланғанда сақ болуға шақырады.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсету арқылы түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының немесе байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, күмәнді операциялардың алдын алу немесе қаражатты қорғау сылтауымен жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізуге тырысады.
Алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің бірі – телефон арқылы қоңырау шалу. Белгісіз адам банк шотында күмәнді операция жасалғанын айтып, азаматты шұғыл әрекет етуге көндіреді. Осылайша, SMS-кодты, банк картасының деректерін беруді, белгісіз қосымшаны орнатуды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.
Мұндай нұсқауларға сенген азаматтар өз қаражатынан айырылуы мүмкін.
Алаяқтықтың тағы бір түрі – интернет-платформаларда жалған хабарландырулар орналастыру. Қаскөйлер тауарларды төмен бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақшаны алғаннан кейін сатып алушымен байланысын үзеді. Сонымен қатар ресми төлем сервистеріне ұқсас жалған сайттар мен сілтемелер арқылы да азаматтардың қаражатын жымқыру жағдайлары кездеседі.
Сондай-ақ таныстарыңыздан қарызға ақша сұраған хабарламаларға сақтықпен қараған жөн. Себебі олардың әлеуметтік желідегі аккаунттары бұзылып, хат алмасуды бөгде адамдар жүргізуі мүмкін.
Маңғыстау облысының полиция департаменті ескертеді: банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері SMS-кодтарды, банк қосымшаларының құпиясөздерін сұрамайды және ақшаны «қорғау» үшін бөгде шоттарға аударуды талап етпейді.
Полиция тұрғындарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке және банк деректерін жария етпеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және тексерілмеген сатушыларға алдын ала төлем жасамауға шақырады.
Кез келген күмәнді қоңырау немесе хабарлама түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты ұйымның ресми байланыс арналары арқылы тексерген жөн. Егер алаяқтыққа тап болсаңыз, дереу полицияға хабарлаңыз.
Цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау – қаражатыңызды қорғаудың маңызды жолы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1310747?lang=ru

Жауап қалдыру