Маңғыстау мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Биралмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту, көлік-логистика, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, Түркиямен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

-Маңғыстау облысы халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда және көлік-логистикалық бағыттарды кеңейтуде айрықша орын алады. Инфрақұрылымды дамыту арқылы Ақтау қаласының Орта дәліз бойындағы жетекші көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарымыз тұрақты түрде жалғасып келеді. Біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Бирал екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың маңызын атап өтіп, Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

-Маңғыстау өңірі – Орта дәліздің маңызды буындарының бірі. Мұнда тұратын түркиялық азаматтар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Білім беру саласында да өзара байланыс бар. Алдағы уақытта гуманитарлық және білім беру салаларындағы, сондай-ақ басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз, – деді Эмре Бирал.

Айта кетейік, Түркия Республикасы Маңғыстау облысының маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңір мен Түркия арасындағы сыртқы сауда айналымы 16 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 11 млн, импорт көлемі 5 млн АҚШ долларына жетті.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 118 кәсіпорын тіркелген.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1310776?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді