Қазақстанда конституциялық сот төрелігіне сарапшылардың қатысуы дамытылуда

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

19 қазанда Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында Amicus Curiae («Сот досы») институтын дамытуға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған «Конституцияның үстемдігі: заңдылық мәдениеті және құқықтық сана» жобасының қорытындысы шығарылды.

Жоба Қазақстандағы Нидерланд Корольдігінің Елшілігімен, «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігімен, сондай-ақ Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен (IRZ) бірлесіп іске асырылды. Қорытынды іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, заңгерлік және академиялық қауымдастықтардың, адвокатура мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Жобада қаралып жатқан істер бойынша сотқа тәуелсіз сараптамалық қорытындылар ұсынуды көздейтін Amicus Curiae институтына ерекше назар аударылды. Бұл институт құқықтық дәлелдердің аясын кеңейтуге, ғылыми және кәсіби көзқарастарды ескеруге, сондай-ақ конституциялық-құқықтық мәселелерді тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Мұндай қорытындылар ұсынымдық сипатта болып, сот шешімін алдын ала айқындамауға тиіс.

Іс-шарада сөз сөйлеген Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова конституциялық сот ісін жүргізуге тәуелсіз, объективті және кәсіби сарапшылардың қатысуының, ғылыми-кеңес жұмысын дамытудың және конституциялық қағидаттарды дәйекті түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі мамандарды практикалық даярлау болды. Алматы, Түркістан және Өскемен қалаларында заңгерлерге, ғалымдар мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған конституциялық-құқықтық талдау жүргізу және сараптамалық қорытындылар әзірлеу бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Amicus Curiae Challenge байқауында еліміздің әр өңірінен қатысқан заң мамандығының студенттері практикалық құқықтық міндеттерді шешу барысында алған білімдерін қолданды. Байқау жеңімпазы атанған команда – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері.

Қорытынды іс-шара аясында ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен жаңа Конституцияны іске асыру және конституциялық сот төрелігінде Amicus Curiae институтын қолдану мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар да өтті. Қатысушылар сараптамалық қорытындылар әзірлеу тәжірибесімен алмасып, конституциялық заңдылықты нығайту мен адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылады.

Жоба білім беру мен практикалық жұмысты ұштастырып, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және жас мамандарды конституциялық сот төрелігі мәселелерін талқылауға тартуға ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1314275?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді