
Әлеуметтік сала — адам тағдырына бейжай қарамайтын, мейірім мен жанашырлықты, жауапкершілік пен адалдықты талап ететін ерекше сала. Бұл бағытта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген жандардың өмір жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге. Осындай құрметке лайық жандардың бірі Департаментіміздің зейнеткері— Әлішева Зураш Мақұмқызы.
Зураш Мақұмқызы Қорған мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, 1975 жылы сол кездегі Московский аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде еңбек жолын бастады. Осылайша оның халыққа қызмет етуге арналған ұзақ та мағыналы еңбек жолы бастау алды.
Қызмет еткен жылдары ол өз ісіне деген адалдығымен, жауапкершілігімен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленді. Әлеуметтік саладағы жұмыс тек құжаттармен және есеп-қисаппен шектелмейді. Оның артында әр адамның тағдыры, отбасының үміті, қолдауға мұқтаж жандардың өтініші тұрады. Зураш Мақұмқызы осы жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін әрдайым абыроймен атқарды.
1997 жылы ол Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің жетекші маманы қызметіне ауысып, кейін бас маман лауазымында еңбек етті. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби білімі оның жауапты қызметін нәтижелі атқаруына негіз болды.
Қырық жыл — бір адамның еңбек жолындағы тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде Зураш Мақұмқызы әлеуметтік қорғау саласының дамуына өз үлесін қосып, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау бағытындағы жұмыстарға атсалысты. Оның еңбек жолы —әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген бүгінгі мамандарға шабыт беріп, еңбе еңбектің қадірін түсінетін жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1314332?lang=ru

Жауап қалдыру