Бір күнде төрт медаль: алматылық спортшылар Азия Пара ойындарында жүлде қорын толықтырды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бір күнде төрт медаль: алматылық спортшылар Азия Пара ойындарында жүлде қорын толықтырды

Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алматылық спортшылар табысты өнер көрсетіп жатыр. Кеше пара велоспорттан бір күміс және бір қола медаль иеленген Алматы өкілдері бүгін тағы екі алтын және екі күміс жүлде жеңіп алды. 

21 қазанда пара велоспорттан әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 32 минут 21,54 секунд нәтиже көрсетіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Ерлер арасындағы В класында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Алиев алтын медаль жеңіп алды. Олар қашықтықты 34 минут 09,17 секундта бағындырып, үздік нәтиже көрсетті.

Осы сайыста Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский мәреге 35 минут 26,64 секундта жетіп, күміс жүлдегер атанды.

Алматылық велоспортшылар бұған дейін де жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Кеше тректегі 4000 метрге жарыста Анастасия Калаус пен Полина Братчикова күміс, Кирилл Ильюкевич пен Глеб Брусенский қола медаль иеленді. Осылайша, екі тандем де бүгін осы ойындардағы екінші жүлдесіне қол жеткізді.

Бүгін пара дзюдодан Жанбота Аманжол да Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль қосты. Ол J2 санатында, 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алды. 2023 жылғы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері осылайша қатарынан екі додада жеңіс тұғырынан көрінді.

V Азия Пара ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында 24 қазанға дейін жалғасады. Алматыдан 20 спортшы спорттың 6 түрінен ел намысын қорғайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-sports/press/news/details/1315216?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді