
Сарқан ауданында өткен биылғы жылғы алғашқы халықпен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталып, маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде су және газбен қамту, жол жөндеу жұмыстарына баса назар аударды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, туризмді дамыту және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сарқан ауданы ауылшаруашылық аймағы болғандықтан, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 48 млрд. теңгені құрап, облыста өндірілген жалпы көлемнің 11 пайызын құрады.
– Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 45 млрд. теңге бағытталды, оның 27 млрд. теңгесі немесе 59% субсидиялар. Өңделетін шикізаттың 65%-ы өзімізде өндіріледі. Оның басым бөлігі қант қызылшасы, жүгері, сүт, майлы дақылдар мен дәнді дақылдар. Қант өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінеді. Сарқан ауданында қант қызылшасын өсірудің агротехнологиялары дамығанын, жергілікті диқандардың бұл салада тәжірибесі мол екенін ескерсек, былтыр қант қызылшасының егіс көлемі 2 есеге, биыл тағы 900 гектарға ұлғаймақ. Осылайша, бұл дақыл аудан бойынша 3,8 мың гектарды алып жатыр, – деді Б.Исабаев.
Сонымен қатар аймақ басшысы жер мәселесіне, мал шаруашылығын, ветеринарияны дамытуға, сондай-ақ суармалы сумен қамтамасыз ету шараларына тоқталды. Атап айтсақ, ауданда «Тәуке» және «Ащылы-Өзек» каналдарының құрылысы толығымен аяқталып, биылғы жылы жергілікті бюджеттен 295 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын «Тілеулі» магистралды каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Көктерек ауылы тұрғындарының өтініштері бойынша жоба аясында су беру бөгеттері де жасалады.
Өнеркәсібі өркендеген ауданында былтыр 11,8 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 4,4 млрд. теңгеге өнім шығарылды. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 млрд. теңгеге артық. Аудан экономикасына 443 млн. теңгеге жуық инвестиция тартатын дәрілік өсімдіктерді өңдейтін зауыт құру жоспарлануда.
Жиында білім, медицина, спорт, тұрғын үй құрылысы және жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды.
Кездесу соңында аудан тұрғындары көшелерді жарықтандыру, елді мекендер арасындағы жолдарды жөндеу, ауылшаруашылық жерлерін бөлу мәселелерін көтеріп, Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік желілер құрылысының аяқталу мерзімін сұрады.
Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағалауын дамытудың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Маусым айының соңына дейін су және электр желілерінің құрылысы аяқталып, келесі жылы кәріздік тазарту қондырғысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, өткен жылы Лепсі-Балқаш жолы жөндеуден кейін ашылды. 1 маусымға дейін Молалыдан Балқаш көліне дейінгі жол құрылысы аяқталып, туристік маусым басталғанға дейін кедергісіз жүруді қамтамасыз етеді. «Балқаш жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту туризмнің өрістеуіне маңызды серпін береді. Бұл облыс экономикасына ғана емес, жалпы Жетісу өңірінің өркендеуіне әсер етеді», – деп атап өтті Б.Исабаев.
Тұрғындардың «Лепсіден Мұқан Төлебаев ауылына дейін 60 шақырым жолы жөнделе ме?» деген сауалына келер жылы жол жөнделеді деп жауап қайырды. Ол жақта қазір көпір салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң екінші жарты жылдықта жобасын жасалынбақ. 60 шақырым жолды 3 бөлікке бөліп, кезең-кезеңімен салынады.
Жалпы, бір жарым сағатқа жуық уақыт өткен жиында облыс әкіміне түрлі тақырыпта 10-нан астам сауал қойылып, әрқайсысына нақты жауап берілді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жұмыс сапары аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады және ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, абаттандыру және көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты. Сондай-ақ, Сарқан қаласы мен оның маңындағы бірқатар нысандар мен шаруа қожалықтарын аралады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Жеңіс Ысқабай

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/980084?lang=kk
Жауап қалдыру