
Түркияның Стамбул қаласында Түркі Әлемі Муниципалитеттер Одағының (TDBB) 7-ші Бас Ассамблеясы өтті. Жиынға түркі дүниесінің әртүрлі елдерінен келген делегаттар, муниципалитет басшылары мен мемлекеттік қайраткерлер қатысты.
Бас ассамблея бағдарламасы тіркеуден басталып, TDBB қызметін таныстыратын бейнефильм көрсетілімімен жалғасты. Ашылу сөзін TDBB төрағасы Уғұр Ибрахим Алтай жасады.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың құттықтау бейнежолдауы көрсетіліп, Әділет және даму партиясының төраға орынбасары Күршад Зорлу жиналғандарға арнап сөз сөйледі.
Жиналысты жүргізуші алқа құрылып, басқарушы алқа мүшелері сайланды. TDBB Құрушы төрағасы Ерол Кая жиналғандарға арнау сөзін арнады.
Бас ассамблеяда 2024 жылғы қызметтер туралы есептер тыңдалып, Тексеру комиссиясының және Қаржылық есептің баяндамалары қабылданды. TDBB басқару органдарына жаңа мүшелер сайланды. Сондай-ақ ұйымның жарғысына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып, бекітілді.
Ассамблея барысында Түркі әлемінің әртүрлі елдерінен келген делегация басшылары сөз сөйлеп, өз мемлекеттеріндегі жергілікті басқару тәжірибелерімен бөлісті және түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін көтерді.
Айта кету керек, аталған жиынға Қазақстан Республикасынан Түркістан облысы, Сауран ауданының делегациясы да қатысты. Аудан делегациясы атынан Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев пен аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев қатысып, аудан атынан Түркі әлемі өкілдерімен тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөздер жүргізді.
Жиынның соңында тілектер мен ұсыныстар тыңдалып, жалпы қорытынды мәлімдеме жасалды. Жаңадан сайланған TDBB Басқарма кеңесінің алғашқы отырысы да осы күні өткізілді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/985576?lang=kk

Жауап қалдыру