
28 сәуірде Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараны ШҚО әкімдігі мен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ бірлесіп ұйымдастырды.
Ғылым жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, басқарма басшылары, өңірлік кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында экономика мен өнеркәсіптің қажеттіліктеріне тығыз байланысты қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған ғылым мен инновация саласындағы реформалар талқыланды. Сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық механизмдері, ғылымды қажет ететін технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы технологиялық мәселелерді шешу және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары қарастырылды. Сонымен бірге ШҚО Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің және оның жұмыс тобының құрамы бекітілді.
Ғылым жөніндегі өңірлік кеңестің қызметі ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ аймақтың өмір сапасын жақсарту үшін негізгі салаларға инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған. Ғылым кеңесі ғылым, билік және бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
Іс-шара аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Қорғаныш және функционалдық жабындар» (PROFCOAT) Жастар ғылыми орталығының ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсіміне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, университет басшылығы, серіктес кәсіпорындардың өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.
Қатысушылар орталықтың зертханаларын аралап, материалдарды зерттеу, микроскопия, механикалық зерттеулер, газотермиялық бүрку, химия-термиялық өңдеу және жұқа үлдірлерді алу секторларының жұмысымен танысты. Қонақтарға магнетронды бүрку, ион-плазмалық азоттау және материалдарды өңдеудің басқа әдістері көрсетілді. Әсіресе электрдоғамен металлдандыру үрдісінің көрсетілімі үлкен қызығушылық тудырды.
Ғылыми орталықтың мақсаты – энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, медицина, химия және радиотехника өнеркәсібі, сондай-ақ ғарыш саласы сияқты түрлі салаларда қолданылатын бөлшектердің беттеріне қорғаныш және функционалдық жабындар, үлдірлер мен қабаттар алу технологияларын дамыту және енгізу.
Орталықтың қызметі университеттің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға және материалтану саласындағы ғылымды қажет ететін жобаларды дамытуға бағытталған. Бұл орталық беткі қабатты инженериялау саласында инновациялық технологияларды дамытуға, жоғары білікті мамандарды даярлауға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға арналған алаңға айналады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/985529?lang=kk

Жауап қалдыру