
Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жұмыс сапарымен Гранитогор ауылында болды. Іс-сапар барысында ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.
Аудан әкімі алдымен жаңадан салынып бастаған мектеп-интернаты асханасының іргетас құйылатын орнын көріп, құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңімен танысты. Жобаның жүзеге асу барысына жауапты мердігерлерден ақпарат алып, сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. Кейін оқу корпусы мен жатын бөлмелер орналасқан ғимараттарды аралап, олардың қазіргі жағдайын зерделеді.
Айта кету керек, интернаттың оқу корпусы 2023 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Ал жатын корпусты жаңарту мақсатында тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Сонымен қатар, нысанды табиғи газ желісіне қосу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл ретте Ербол Жұмабекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қазіргі уақытта аталмыш интернатта 1–9 сынып аралығында 108 оқушы білім мен тәрбие алуда.
Кейін аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл халқы ауызсу жүйесінің сапалы әрі толық іске қосылуына қатысты мәселелерді көтеріп, мәдениет үйінің қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде Ербол Жиенқұлов барлық құрылыс жұмыстары заң талаптарына сай аяқталып, қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты.
Сапар соңында аудан әкімі Гранитогор ауылындағы №8 жалпы орта мектепке барып, білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Оқушыларға жасалған жағдайларды көріп, оқу үдерісінің сапасына көңіл бөлді.
Іс-сапар қорытындысы бойынша Ербол Жұмабекұлы ауыл әкімі мен тиісті сала өкілдеріне көтерілген мәселелерді шешу бағытында нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/988678?lang=kk
Жауап қалдыру