
Қайта жаңғыру мен даму – бүгінгі Сыр елінің басты сипаттары. Күн санап ажарланып, жаңа келбетке ие болып келе жатқан Қызылорда бүгінде құрылыс пен жаңғыртудың нағыз орталығына айналды. Заманауи инфрақұрылым, өнер мен білім ордалары, өндірістік нысандар – барлығы да халық игілігі үшін бой көтеріп жатыр. Өңірдің өркендеу жолындағы осы ауқымды жобалар – ел болашағына салынған сенімді инвестиция.
Солардың бірі – Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы. Заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл нысанға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция құйса, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымға жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл бастама өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық байланыстарға жол ашатыны сөзсіз.
Мәдениет саласындағы маңызды нысан – “Өнер орталығы”. Былтыр пайдалануға берілген бұл зәулім ғимарат 1000 көрерменге арналған. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттермен қатар, түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Бұл мәдени нысан – Сыр елінің рухани тынысын кеңейтетін орталыққа айналып келеді.
Инфрақұрылымдық даму ауыл-аймақты да қамтып отыр. Қазіргі таңда «Жаңадария», «Сыздық», «Шіркейлі» каналдарындағы көпірлер қайта жаңғыртылуда. Атап айтқанда, «BSJ инжиниринг» ЖШС «Жаңадария» каналындағы көпірді жаңғыртса, «Жылу 21» ЖШС қалған екі көпірдің құрылысымен айналысуда. Бұл көпірлер – қала мен ауыл арасындағы маңызды қатынас жолы. Әсіресе, «Жаңадария» көпірі арқылы тұрғындар әуежай мен «АвтоЦонға», сондай-ақ Амангелді, Бесарық, Иіркөл, Қоғалыкөл, Жетікөл, Айдарлы ауылдары мен саяжайларға қатынайды.
Сонымен қатар, 13,5 шақырым автокөлік жолы төрт жолақты етіп қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңда құрылыс аймағы қоршалып, су өткізу құбырлары орнатылып, жұмыстың алғашқы кезеңдері жүзеге асырылуда. Бұл жобалар – көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындар өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдар.
Өңірдің өндірістік әлеуеті де жаңа жобалармен толығып келеді. Жақында жұмысшы топ «Қызылорда Нан» серіктестігінің нан, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын бұл жоба аясында 2520 тонна өнім өндіру және макаронның 15-тен астам түрін шығару жоспарланған. Аумағы 6166 шаршы метрді құрайтын нысан алдағы уақытта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоспақ.
Сол жағалауда орналасқан 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы да қызу жүргізілуде. Шығыс және батыс трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, ішкі және сыртқы жұмыстар қарқын алған. Қазіргі таңда жылу, су, электр, желдеткіш желілері тартылып, футбол алаңы мен айналасын абаттандыру жұмыстары басталды.
Білім мен өнер саласына қатысты маңызды жобалар қатарында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат пен музыкалық колледж құрылыстары бар. Мектеп-интернат құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталуы жоспарлануда. Ал музыкалық колледж «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынуда. Бас мердігер – «Алтын констркшн» ЖШС. Заманауи білім беру инфрақұрылымын қамтамасыз ететін бұл нысан жуырда пайдалануға берілмек.
Сыр өңірінде атқарылып жатқан бұл жұмыстар – тек құрылыс емес, бұл – болашаққа салынған негіз. Әрбір нысан – өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына тың серпін беретін өміршең жоба. Қызылорда бүгінде – жаңару мен даму жолындағы жарқын мысалға айналып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/991081?lang=kk
Жауап қалдыру