
Атырау облысы төтенше жағдайда әрекет ету әлеуетін арттыруды одан әрі жалғастыруда. «Қазавиақұтқару» АҚ әуе паркінің материалдық-техникалық базасын модернизациялау шеңберінде өңірге көпмақсатты заманауи L-410 NG ұшағы келді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Әуе көлігін табыстауға арналған салтанатты шара облыс әкімі Серік Шәпкенов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың қатысуымен өтті.
– Облысқа L-410 NG көпмақсатты ұшағының келуін авиациялық қорғаныс жүйесіндегі маңызды жаңалық деп айта аламын. Атырау облысы былтырғы көктемде «төтенше жағдай» режимінде болды. Табиғи апатпен күресте алуан түрлі қиындықпен бетпе-бет келдік. Бұл әрі сынақ, әрі сабақ болды. Біз қандай жағдайға да сақадай-сай дайын отыруымыз керек. Жаңа техника жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырмақ ,-деді С.Шәпкенов.
L-410 ұшағы 19 адамды немесе 2-3 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Максималды ұшу жылдамдығы — сағатына 417 шақырым. Әуе кемесі -50°C-дан +50°C-ге дейінгі экстремалды температура жағдайында ұша алады, ал оның ұшып-қонуына 500 метрлік арнайы дайындалған жолақ болса жеткілікті.
Ұшақтың көпбейімділігі оны жеке құрамды, гуманитарлық жүктерді тасымалдауға ғана емес, санитарлық авиация аясында да қолдануға мүмкіндік береді. Бортта заманауи зембілдер, ауыр науқастарды тасымалдауға арналған жабдықтар бар, бұған қоса, ұшу барысында сырқаттардың өмірін сақтауды қамтамасыз ететін қосымша техника орнатудың да мүмкіндігі қарастырылған.
Экипаж әуе техникасы пайдалануға берілмес бұрын ұшақты шығарған Omnipol (Чехия) зауытының оқу орталығында арнайы дайындықтан өтті. Оқу бағдарламасы ұшу дағдыларын меңгерумен қатар әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету курсын да қамтыды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/992853?lang=kk
Жауап қалдыру