Ұлытау облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

9 Мамыр – Жеңіс күніне орай Жезқазған қаласындағы «Даңқ» аллеясында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты патриоттық рухтағы салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Қатысушылар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімі Дастан Рыспеков пен зиялы қауым өкілдері Отан үшін жанын қиған боздақтардың рухына тағзым етті.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Дастан Рыспеков ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, алғысын білдірді:

«Ұлы Жеңіс – бұл тек тарих беті емес, бұл – әр отбасының, әр жүректің мәңгілік жадында сақталатын қасиетті рух. Біз майдан мен тылда жан аямай еңбек еткен ардагерлерге тағзым етіп, олардың ерлігін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл – біздің ұрпақтық парызымыз», – деді өңір басшысы.

Іс-шара аясында майдангерлердің ерлігін бейнелейтін театрландырылған көрініс ұсынылып, соғыс жылдарының атмосферасын сезіндіретін дала асханасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Ұлытау өңірінен майданға 16 мыңға жуық азамат аттанған, олардың 10 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапқан. Бүгінде өңірде 397 тыл еңбеккері бар. Олардың барлығына Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/992692?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді