
Құрметті отандастар!
Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де аса ауыр сын болды. Бұл күн – қаһарман ұрпаққа тағзым етіп, оларға алғысымызды білдіретін қасиетті күн.
Қазақ елі фашизмді жеңуде өлшеусіз үлес қосты. Майданға 1 миллион 300 мыңға жуық адам аттанды, олардың 600 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапты.
Қызыл Армия сапындағы қазақстандық жауынгерлер Чехословакияны, Польшаны, Болгарияны, Мажарстанды, Румынияны, Югославияны және Аустрияны азат ету жолында ерлікпен шайқасты. Еуропа жеріндегі қарсыласу қозғалыстарына, соның ішінде Словакия ұлттық көтерілісіне, шамамен 300 қазақстандық қатысты.
100 мыңнан астам қазақстандық Кеңес Одағының жауынгерлік ордендері мен медальдарымен марапатталды. 500-ден астам адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 142 отандасымыз Даңқ орденінің үш дәрежесіне де ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан майданды жабдықтауда аса маңызды рөл атқарды. Республикадағы барлық дерлік өндіріс орындары әскери өнім шығаруға көшті. Қазақстаннан майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жөнелтілді. Әрбір он оқтың тоғызы қазақтың қорғасынынан құйылды.
Біз Ұлы Жеңіс шежіресіне айналған әрбір батырдың, әрбір жауынгер мен тыл еңбеккерінің есімін құрметпен еске аламыз. Олардың ерлігі – ұрпақ жадында, халықтар жүрегінде, бүгінгі бейбіт әлемнің іргетасында.
Майданда қаза тапқандарға – мәңгілік тағзым! Ардагерлерімізге – даңқ пен құрмет! Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/992682?lang=kk
Жауап қалдыру