«Антиконтрафакт» республикалық акциясы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті аумақтық әділет органдарымен бірлесіп «Антиконтрафакт» республикалық акциясын өткізді.

Акция шеңберіндегі іс-шаралар контрафактілік өнімге теріс көзқарас қалыптастыруға, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау идеяларын насихаттауға, контрафактілік өнімдерді өндіру мен таратудың алдын алуға бағытталды.

Алматы облысының Әділет департаменті Қонаев қаласының көркемсурет мектебі оқушыларының қатысуымен «Жасанды интеллект» тақырыбында үздік сурет байқауын өткізді.

Ақтөбе облысының Әділет департаменті С.Жиенбаев атындағы кітапханада халық арасында зияткерлік меншік мәселелері бойынша викторина өткізді. Қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Бірқатар өңірлерде балалар арасында байқаулар өтті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті мектеп оқушылары арасында робототехникадан байқау ұйымдастырды. Халықаралық зияткерлік меншік күніне орай өткізілген «РобоSTART-2025» робототехника және Lego-құрастыру жарысының жеңімпазына грамота табысталды.

18 сәуірде Қостанай облысының Әділет департаменті мен Қостанай облысының әкімдігі бірлесіп «Құтқарушы роботтар» тақырыбында мектеп оқушылары мен студенттер арасында жобалар байқауын өткізді. Әр қатысушы зияткерлік еңбекке құрмет пен саналы тұтыну мәдениетін дамытуға өз үлесін қосты. Ең үздік әрі маңызды жобалардың авторлары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

24 сәуірде Шымкент қаласының Әділет департаменті «Үздік жас өнертапқыш» байқауын өткізді. Аталған байқау – жас өнертапқыштар мен жаналық ашушы жастарға арналған маңызды шара, Шымкент қаласының Әділет департаменті осы шараны алғаш рет 2025 жылы «Оңтүстік патент» мекемесімен бірлесіп ұйымдастырды. Байқауға 43 мектеп оқушысы 24-тен астам өнертабыстар ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үздік 4 жобаның авторлары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жамбыл, Ақмола және Павлодар облыстарының Әділет департаменттері зияткерлік меншік құқығының түрлі аспектілері бойынша мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізді.

«Антиконтрафакт» республикалық акциясы аясында Павлодар облысының Әділет департаменті Toraighyrov University студенттері мен оқытушылары арасында дөңгелек үстел өткізіп, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, қорғау құжаттарының қолданылу мерзімдері, зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің артықшылықтары және өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерді электрондық түрде тапсыру мәселелерін талқылады.

Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаменті өңірде контрафактілік өнімдердің алдын алу және жолын кесу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік алаңында семинар ұйымдастырды. Семинарға ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы, Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК және кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Жиында географиялық нұсқауларды коммерцияландыру, оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығару, сондай-ақ ШҚО-да өндірілетін өнімдердің жаһандық танымалдығын арттыру мәселелері талқыланды.

Аталған Департамент ұйымдастырған дөңгелек үстелде ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті, Полиция департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен контрафактілік өнімдерге қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Осындай мәселелер Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік алаңдарында қарастырылды.

Сонымен қатар өңірлерде шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізілді. Мәселен, Қарағанды облысының Әділет департаменті Қарағанды қаласы Жазушылар одағының өкілдерімен, кітапхана ұжымдарымен және авторлармен ұлттық кітап күніне арналған «Қазақстан Республикасындағы авторлық құқықты қорғау» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы авторлық құқық саласындағы барлық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті интернет-конференция, халық арасында сауалнама, авторлар мен құқық иеленушілермен кездесу, сондай-ақ 14–18 жас аралығындағы балалар арасында «Контрафактіге бірге қарсымыз» атты республикалық фотобайқау өткізді. Фотобайқау нәтижелері 12 мамырда жарияланады.

«Антиконтрафакт» акциясы аясындағы іс-шаралар зияткерлік меншікке қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/993512?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді