
Сергей БОБИНОВ,
әскери археолог, РФ:
“ЖҰМАҒАЛИЕВ – БАТЫР! БАСҚА СӨЗІМ ЖОҚ!”
Сырым ауданынан РФ астанасы Мәскеу қаласы мен оның төңірегіндегі соғыс қимылдары өткен тарихи орындармен танысуға, ақын, батыр Абдолла Жұмағалиевтің өмірі мен ерлікке татитын өліміне қатысты жаңа деректер іздеуге аттанған “Жымпиты – Мәскеу” экспедициясы Волоколамск қаласында болып, әскери археолог Сергей Бобиновпен кездесті.
Алдыңғы жазбада таныстырғанымыздай, Сергей Николаевич Бобинов –
өмірінің 41 жылын майдан орындарын зерттеуге арнаған адам.
Ол РФ Қорғаныс Министрлігі, Ресейдің Авиациясына, Флотына, Армиясына ерікті әріптестік жасау қоғамы, “Панфиловец” әскери – патриоттық клубының жетекшісі екен. Клуб Мәскеу облысы төңірегінде соғыс орындарын қазу, зерттеу, көмусіз қалған сарбаздардың мүрделерін арулап, жауынгерге лайық мәртебе – құрметпен жерлеумен айналысады екен. Абдолла Жұмағалиевтің өртеніп өлген орынын тапқан – осы Сергей.
Сергейге сөз берелік:
– Мәскеу айналасы, мынау қырат, мынау орманның іші мүлгіп тұр деп ойламаңыз. Тыңдаған адамға жауынгерлер рухы жаңғырып тұр! Абдолла Жұмағалиев – біз тапқан Панфилов дивизиясының бірінші сарбазы емес. Бірақ, Волоколамсктағы деревнялардың бірін қорғауда ақын қаза тапты дегенде елең еттім. Оған майданға бармауға да болатын еді. Себебі, жазу адамының қоғамда қастерлі қызметі, қадірлі бар ғой. Майданға сұранып кетіпті. Әрі ерлікпен қаза тауыпты. Былай қарасаң, деревня – оныкі емес. Бірақ, алалаған жоқ, бөлген жоқ. Мәскеудің маңындағы сүйем жерді өз мекеніндей қорғады, туған жеріндей биікке көтерді. Антқа адалдық деген осы ! Демек, біздердің – әскери археологтардың да жауынгерлерді ұлтына, дініне қарай бөлуге қақымыз жоқ. 1990 жылдардан бастап, қайта жерлеу рәсіміне мұсылман молла, хазіреттерін дәстүрлі түрде шақыра бастадық.
Жұмағалиев – батыр. Басқа қалай айтуға болатынын білмедім! – деді ол.
Айта кетейік, 1941 жылы 26 қазанда лейтенант Григорьевтің ротасы атыса шегініп Новинки селосының үстімен өткен. Рота қауіпсіз жерге орныққанша, Абдолла Жұмағалиев қаруластары Әбіл Құндыбаев, Иван Дунаймен бірге ағаш қамбаға бекінеді. Сергей Бобинов ол үйдің орынын қалай тапты?! Ол туралы келесі жазбада…
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Жымпиты – Мәскеу

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/993735?lang=kk
Жауап қалдыру