
Биыл еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын ерекше салтанатпен атап өтуде. Осы айтулы мерекеге орай Бейнеу ауданында тыл ардагерлерінің жанқияр еңбегін ұлықтау, оларға құрмет көрсету дәстүрге айналды. Бейнеу ауданының әкімі Рақымжан Шалбаев пен Бейнеу ауданы прокурорының орынбасары Саламат Ермеков, аудан прокуратурасының прокуроры Азамат Орпабаев және ауыл әкіміне тыл ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, ардагерлерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Аудан әкімі өз сөзінде: «Бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің іргетасын қалаған ардагерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін теңдессіз үлгі. Сіздерге деген алғысымыз шексіз», – деп атап өтті.
Мереке аясында тыл ардагерлеріне «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалі мен сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, ауданымызда бүгінде тыл ардагерлерінің ішінде Шалабай Тастеміров, Алуа Есбосынова, Алтыбай Жалиев және Балқаш Сарманова қалды.
Тастеміров Шалабай – 1929 жылы Жармыш ауылында дүниеге келген. Зоотехник, ферма меңгерушісі ретінде ауыл шаруашылығында ұзақ жыл еңбек еткен. «Еңбек ері» орденінің иегері, КСРО ХШЖК-нің «Қола» және «Күміс» медальдарымен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Есбосынова Алуа Махмұтқызы – 1932 жылы туған, Шетпе ауылынан. 1950-жылдары ауылдық кеңесте комсомол хатшысы, кейін Қызыләскер ауылында сатушы болып еңбек еткен. «КСРО тұтынушылар кооперациясының үздігі» төсбелгісі мен «Жеңістің 75 жылдығы» медалінің иегері.
Сарманова Балқаш – 1932 жылы Аусары ауылында дүниеге келген. Жастайынан тыл еңбеккері ретінде түрлі шаруа жұмыстарына белсене араласқан. «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
Жалиев Алтыбай – 1937 жылы туған, Ұштаған ауылынан. Мал шаруашылығы саласында, кейін автотрактор паркінің басшысы болып еңбек еткен. «Еңбек ардагері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Жеңістің 75 жылдығы» және өзге де медаль, төсбелгілермен марапатталған.
Кездесу соңы рухани әңгіме алаңына ұласып, ардагерлер соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Жас ұрпаққа аманат ретінде жеткізілген бұл естеліктер – ел тарихының баға жетпес қазынасы. Бұл игі шара – ардагерлерге көрсетілген құрметпен қатар, отансүйгіштікке, елжандылыққа үндейтін өнегелі тәрбиенің жарқын көрінісі. Бейнеу жұртшылығы үшін ардагерлеріміздің еселі еңбегі – әрдайым мақтаныш!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/992421?lang=kk
Жауап қалдыру