
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында брифинг өткізілді.
Брифингтің тақырыптары: «Су айдындарында шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары». ««Жас құтқарушы» үйірмесі (клубы) бойынша атқарылған жұмыстар»
Спикер: Қызылорда облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығының міндетін атқарушы майор Ақмырзаев Ғафур Әлиұлы.
Ғ.Ақмырзаев: «Облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан бері 3 адам қаза болды.
Жағажайлар бойынша: «Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімінің (2024 жылғы 12 тамызда №141) қаулысына сәйкес 7 коммуналдық жағажай белгіленді. (Арал ауданы «Аққұмшық», Қазалы ауданында «Қашқан су», Қармақшы ауданында «Мұратбаев», Сырдария ауданында «Қалғандария», Шиелі ауданы «Бәйгеқұм», Қызылорда қаласы «Сыр толқыны» және «Сыр Самалы»).
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының «2025 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес күнделікті сала мамандарын қатыстыра отырып (Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері, еріктілер) рейдтер ұйымдастырылуда. 201 рейд өткізіліп, 20 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, үнпарақтар таратылды. Профилактикалық жұмыстарға 225 еріктілер жұмылдырылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша (Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау) 5 адамға (ата-аналарға) хаттама толтырылып, 68 810 теңге айыппұл шарасы көрілді. Балық шаруашылығы инспекциясының мамандары заңсыз балық аулау бойынша 81 деректі тіркеп, 1 млн. 592 мың 400 теңге айыппұл салды.
Онлайн режимде 31548 оқушыға «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында интерактивтік сабақ өткізілді. «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы ата-аналарға балаларының су айдынында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажетттілігін ескертілуде, оларға бейнероликтер мен жадынамалар жолдануда. Өңірде 187 «Жас құтқарушы» үйірмесі құрылып, оған 1753 оқушы қатысты. 2025 жылғы сәуір айында «Жас құтқарушы» клубтарының арасында Қызылорда қаласында және аудандарда слеттер өткізілді. Аталған сайыстардан іріктелген командалар 16 мамырда өткізілетін облыстық деңгейдегі «Жас құтқарушы» слетіне қатысатын болады.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 30 маусым – 4 шілде аралығында Көкшетау қаласындағы М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының базасында 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің арасында «Жас құтқарушы» республикалық слетін өткізу жоспарлануда. Аталған слетке Қызылорда облысының атынан жеңімпаз команда қатысатын болады деп күтілуде.»
Брифингтің соңында журналистерге және жұртшылыққа су айдындарында қауіпсіздікті сақтау туралы бейнеролик көрсетілді.
Қызылорда облысы ТЖД

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kyzylorda/press/news/details/994863?lang=kk
Жауап қалдыру