
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ ұлттық газ компаниясы Қарағанды облысындағы Qarmet металлургия комбинатында көшпелі кеңес өткізіп, кәсіпорынды табиғи газға көшіру бойынша еліміздің өнеркәсіп тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірінің іске асырылу барысымен танысты.
Жоба Мемлекет басшысының Қарағанды облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сапар аясында салалық мемлекеттік органдар мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылу нүктесінен кәсіпорынның газ тарату станциясына дейінгі ұзындығы 27 шақырым болатын сыртқы газ құбырының құрылысы белсенді сатыда. Құбырлар жиналып, қазір траншеяға төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жүйені қысыммен сынау және іске қосу 2025 жылдың шілдесіне жоспарланған.
Кеңес барысында тарифтеу, жер пайдалану, отынның баламалы көздерімен қамтамасыз ету және газ инфрақұрылымының тұрақты жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
«Құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау өте маңызды. Өңірде құрылыс маусымы қысқа, сондықтан барлық қосу, қысыммен сынау және жүйені баптау жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс», – деді ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаменті директорының міндетін атқарушы Ержан Қошқаров.
Qarmet металлургия комбинатын газдандыру – кәсіпорын тарихындағы ең ауқымды экологиялық бастама. Жобаны іске асыру қоршаған ортаға техногендік әсерді азайтып қана қоймай, компанияның өндірістік тиімділігін де арттырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/995662?lang=kk
Жауап қалдыру