
Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты іс-шарасы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
Аймақ басшысы салтанатты жиынға жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Алапат майданға Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат аттанып, Отанды қорғады. Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 8 ардагері бар. Қарт майдангерлерге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Олардың қатарында тыл ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген 3 мыңнан астам ардагер бар. Батырлар тиісті материалдық көмек пен толық қамтылды.
Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға қатысушылармен бірге «Даңқ» аллеясын аралап, көрмені тамашалады. Батырлар рухына құрмет көрсетіп, «Мәңгілік алау» алдында гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты іс-шара қала тұрғындарына арналған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт шымылдығы театр актерлері және «Шаттық» би ансамблінің «Сағынышты сарп еткен Ұлы Жеңіс» театрландырылған хореографиялық қойылымымен түрілді.
Аймақ басшысы бірқатар азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/995691?lang=kk
Жауап қалдыру