
2025 жылдың 14 мамырында Тараз қаласындағы «Достық» үйінде ата-аналарға арналған форум өтті. «Бала тәрбиесі: қоғам назары және отбасы құндылықтары!» тақырыбындағы бұл ауқымды жиын – отбасы мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған ашық алаң болды.
Форумның басты мақсаты:
Баланың жан-жақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы, мектеп және қоғам арасындағы серіктестікті арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналардың құқықтық, психологиялық және тәрбиелік сауатын жетілдіру.
Жиынды Жамбыл облыстық ата-аналар кеңесі мен «Әкелер одағының» төрағасы Ринат Даниярұлы Нұрақбаев жүргізді. Форумға денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері, мектеп басшылары мен ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.
Форум аясында мазмұнды баяндамалар мен практикалық сессиялар өтті:
- Сейсегүл Исматова (ф.ғ.к., профессор) – «Отбасы құндылықтарының бала тәрбиесіне ықпалы» тақырыбында терең ой қозғады.
- Психолог Бағлан Жақсыпеилова – «Көбелек» видеоролигі негізінде ашық пікірталас ұйымдастырып, бала жүрегіне жол табудың мысалдарын ұсынды.
- Полиция департаменті өкілі Мұрат Жүзеев – «Қоғам және Заң» тақырыбында ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызын түсіндірді.
- Айгерім Набиева (дәрігер) – «Бала денсаулығы – қоғамның басты міндеті!» баяндамасында зиянды әдеттерден қорғау мен салауатты өмір салтын ұстанудың жолдарын айтты.
- Сарысу ауданы педагог-психологтарының «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ!» қойылымы – отбасындағы сыйластық пен түсіністікті көркем түрде жеткізді.
- Дәурен Бағжанов (бала құқықтары жөніндегі уәкіл) – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кешенді шаралармен таныстырды.
- Айжан Ережепова – ата-аналарға тренинг өткізіп, баламен сенімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін үйретті.
- Ришат Райф (психологиялық қолдау орталығының директоры) – орталықтың жұмысы мен қолдау тетіктерін таныстырды. «Бүгінгі форумда көтерілген мәселелер – еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің, қоғам мен мемлекеттің өзара тығыз байланысы арқылы ғана нәтижелі жетістікке қол жеткіземіз», – деді ол.
Жиын қорытындысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.
Бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл форум – бала болашағына бейжай қарамайтын жандардың басын қосқан маңызды бастама. Осындай кездесулер арқылы ата-ана мен педагогтер арасында тығыз байланыс орнап, ортақ мүдде жолында бірлесіп жұмыс істеу жолдары кеңейе түсетініне сенеміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bilim/press/news/details/997237?lang=kk

Жауап қалдыру