Абай облысында «Senat Open Cup – 2025» II ашық шахмат кубогының іріктеу кезеңі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Абай облысында «Senat Open Cup – 2025» II ашық шахмат кубогының іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Зияткерлік сайысқа 100-ден астам қатысушы – мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
 
Ауқымды турнир Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен өткізілді. Аймақтағы жарысты ұйымдастырушылар — Абай облыстық мәслихаты мен «Абай облысының шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігі.
 
«Senat Open» турнирі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, шахмат әуесқойларын біріктіретін маңызды қоғамдық-спорттық алаңға айналды.
 
— Шахмат турнирі — тек сайыс қана емес, ел ішіндегі татулық пен білімге деген ұмтылыстың көрінісі. Мұндай бастамалар жас буын үшін жақсы үлгі болары сөзсіз, — деді Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков.
 
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өткізілді. Әр партияға 10 минут және әр жүріс үшін қосымша 5 секунд уақыт берілді. Турнир үш кезеңнен тұрды: іріктеу, жартылай финал және ақтық сын.
 
Турнир қорытындысы бойынша Аягөз ауданының мемлекеттік қызметшісі Мади Усманов 8,5 ұпай жинап, турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды. Екінші орын 8 ұпаймен Бородулиха ауданынан келген ардагер Олег Рубанға бұйырса, үшінші орынды 7 ұпай және 52,5 қосымша көрсеткішпен Семей қаласының тұрғыны Василий Полевик иеленді.
 
🔻Ойын барысында бірқатар арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
•«60 жастан асқан ойыншылар арасындағы үздік көрсеткіш» — Оралбек Дадамбаев (Семей қаласы)
•«Депутаттар арасындағы үздік көрсеткіш» — Ринат Искаков (Үржар ауданы)
•«Қоғамдық қайраткерлер арасындағы үздік көрсеткіш» — Амир Калияскаров (Бесқарағай ауданы)
•«БАҚ өкілдері арасындағы үздік көрсеткіш» — Сәтжан Қасымжанұлы (Семей қаласы)
•«Әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш» — Елена Гурская (Семей қаласы)
 
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 35 шахматшы маусым айында Семей қаласында өтетін өңірлік жартылай финалда Абай облысының намысын қорғайды. Аталған кезеңге Қарағанды, Ұлытау, Павлодар және Абай облыстарының іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/998054?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді