
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ауласында «Жас құтқарушы» сайысы ұйымдастырылды.
Мақсат: тіршілік қауіпсіздігі мәселелеріне, өрт немесе ТЖ кезінде дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына үйрету. Экстремалды жағдайларды дұрыс әрекет етуге үйрету. Жсөспірімдерді қолданбалы спорт түрлеріне тарту. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Аталған сайысқа 7 командадан 70-ке жуық оқушы қатысты. Сайыстың бірінші кезеңі Қармақшы ауданында, екінші кезеңі Қызылорда қаласында өткізілді.
«Жас құтқарушы» сайысына қала және аудандардан белсенді командалар қатысты. Әр командада 14-16 жастағы 5-7 оқушыдан болды.
Сайысқа ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы азаматтық қорғау подполковнигі Данияр Тәжібаев, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Бекболат Әбдіқадыров, “Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасы Бейбіт Маржанов қатысып, сайыстың ашылу салтанатында жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш сайысқа жергілікті телеарна өкілдері де қатысып, арнайы телесюжет дайындады.
Алдымен «команданы таныстыру» бөлімі өтті. Онда олар өздерін таныстырып, шығармашылық, музыкалық, танымдық деңгейін көрсетті.
«Қабырға газеті», «өрт эстафетасы», «өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін уақытқа кию», «техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары», «алғашқы медициналық көмек беру» кезеңдері өткізілді.
Сайыстың қорытындысы бойынша белсенді қатысқаны үшін жас құтқарушы -Тоғжан Ерғабылова, белсенді команда – Шиелі ауданының командасы марапатталды.
Сайыста жинаған ұпай сандарының нәтижесі бойынша Сырдария ауданының командасы жүлделі ІІІ-орынға, Қызылорда қаласының командасы ІІ-орынға, Жалағаш ауданының «Жас құтқарушы» командасы І-орынға лайықты деп табылды. Оларға алғыс хаттар, арнайы дипломдар, медальдар, кубоктар, естелік сыйлықтар табысталды. Сайыстың жеңімпазы республикалық сайысқа қатысуға жолдама алды.
Марапаттарың құтты болсын, жас құтқарушылар!
Қызылорда облысы ТЖД

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kyzylorda/press/news/details/997869?lang=kk

Жауап қалдыру