
Антқа адалдық – Халыққа адалдық: ШҚО-да полиция қатары толықты
Шығыс Қазақстан облысында жас полицейлердің өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі – салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Осы күні ШҚО полиция департаментінің 50 жас қызметкері Отанға адал қызмет ету жолына ресми түрде қадам басып, халық пен заң алдындағы борышына адал болуға ант берді.
Іс-шара ерекше тебіреніс пен мақтанышқа толы атмосферада өтті. Салтанатқа Департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, тәлімгерлер, сондай-ақ жас қызметкерлердің ең жақын адамдары – ата-аналары мен жақын туыстары қатысты. Олар жас полицейлердің қызмет жолындағы жауапкершілігін түсініп, сол жолдағы барлық сезімді бірге бөлісіп, олардың таңдауы үшін шын жүректен мақтан етеді.
Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген Департамент бастығының уақытша міндетін атқарушы Алмас Төкенов жас қызметкерлердің жоғары дайындық деңгейін, білімге құштарлықтарын, тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарастарын атап өтті. «Антқа адалдық – бұл жай ғана сөз емес. Бұл – сіздерді бүкіл қызмет жолында жетелейтін өмірлік ұстаным», – деді полковник.
Рәсім барысында қызметтік міндетін адал атқарған 18 қызметкер марапатталып, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ, 8 қызметкерге кезекті арнайы шендер табысталды. Бұл марапаттар – олардың кәсібилігі мен қызметке деген адалдығының айқын дәлелі .
Шара барысында Ардагерлер кеңесі мен Тәлімгерлер кеңесінің өкілдері де ізгі тілектерін білдіріп, жас қызметкерлердің отбасыларына – ата-аналары мен жұбайларына ерекше алғыс айтты. Себебі, олардың қолдауы мен түсіністігі – құқық қорғаушылар үшін берік тірек.
Мерекелік көңіл-күйді Департаменттің хоры орындаған «Рух» патриоттық әні мен ШҚО полиция департаментінің әнұраны жандандыра түсті. Бұл әндер қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, жүректерінде елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятты.
Бұл салтанатты сәт – тек ресми рәсім ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, дәстүрге адалдықтың және «Полиция қызметкері» деген мәртебелі атаққа лайық болудың символына айналды. Бұл күн әрбір жас қызметкердің қызметтік өміріндегі жаңа, жауапты кезеңнің бастауы ретінде ұзақ уақыт есте қалары сөзсіз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/994792?lang=kk

Жауап қалдыру