
Астанада қаржы пирамидаларына алданған азаматтар саны артып барады. Құқық қорғау органдарының тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан ескертуі мен түсіндіру жұмысына қарамастан, жеңіл табысқа кенелуді көздеген азаматтар алаяқтардың құрбанына айналуда. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Арсен Тастанов өткен және биылғы жыл бойынша атқарылған жұмыстардың аралық қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, аталған мерзім ішінде елорда аумағында 10-нан астам қаржы пирамидасының заңсыз қызметі әшкереленіп, тоқтатылған. Олардың қатарында «Sinsera Systems», «Charoit Project», ЖК «Аяулым», «Sax Invest», «Phenomenal Club», «Chia Thai Formacevtical», «HappyLifeKZ», «World Business Consulting», «Eolus Kazakhstan», «Sterling Invest», «Life Good» секілді компаниялар бар.
«Қылмыстық істер бойынша жүргізілген талдаулар көрсеткендей, қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары өз әрекеттерін заңды инвестициялық жобалар ретінде бүркемелеуге тырысады. Олар азаматтардың сенімін ояту үшін «жаңартылатын энергия көздері», «болашақтың технологиялары», «фармацевтикалық инновациялар» сияқты ғылыми-тартымды терминдерді пайдалануда. Алайда, шын мәнінде, мұндай ұйымдардың ешқайсысы нақты кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған. Қатысушыларға уәде етілетін табыс – жаңа салымшылардың қаражаты есебінен ғана жүзеге асады. Яғни, бұл қаржылық модельдің негізінде қандай да бір коммерциялық жетістік емес, жаңадан тартылған азаматтардың салымы жатыр.
Соңғы уақытта кең таралған алаяқтық үлгілерінің бірі – көпдеңгейлі маркетинг жүйесі. Бұл схема бойынша азаматтарға онлайн-платформа арқылы тіркеліп, қаражат «инвестициялауға» ұсыныс жасалады. Платформада арнайы «интеллектуалды робот» жұмыс істейді деген ақпарат таратылады. Ол салынған қаражатты ұлғайтып отырады-мыс. Алайда бұл мәліметтердің барлығы жалған. Ақша берілгені туралы ешқандай ресми құжат не түбіртек берілмейді. Тіпті келісімшарт та жасалмайды. Қатысушы салымының жағдайын тек жеке кабинеттегі цифрлық жазба арқылы ғана бақылай алады. Ал салынған қаражатты қайтару мүмкін болмайды», – дейді Арсен Тастанов.
Астанада тіркелген ең резонансты істердің бірі – «Eolus Kazakhstan» қаржы пирамидасының қызметіне қатысты. Тергеу барысында бұл ұйымның құрылымдық бөлімшесінің басшысы жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу уәдесімен 535 азаматтан ақша жинағаны анықталған. Нәтижесінде 18 азамат жәбірленуші ретінде танылып, келтірілген жалпы материалдық залал 17 млн теңгені құрады.
Тергеу кезінде қылмыстық жолмен алынған 408 399 АҚШ доллары (шамамен 187 млн теңге) сомасындағы қаражат анықталып, оған тыйым салынды. Астана қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың 2024 жылғы 7 ақпандағы үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ұқсас алаяқтық схема «Chia Thai Formacevtical» компаниясында да қолданылған. Бұл жерде салымшылардың қаражаты Қытайда шығарылатын фармацевтикалық өнімдерді сатып алуға бағытталады деген желеумен жиналған. Алайда, шын мәнінде, мұндай өндіріс мүлдем болмаған. Қатысушылардың салымдары классикалық қаржы пирамидасы үлгісінде өзара қайта бөлініп отырған. Тергеу деректеріне сәйкес, жиналған қаражаттың бір бөлігі Қытай азаматтарының бақылауындағы криптовалюта әмияндарына аударылған.
Бүгінгі таңда «Chia Thai Formacevtical» ісі бойынша компанияның құрылымдық бөлімшелерін басқарған тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс тергеліп аяқталды.
Астана қаласында анықталған қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істер аясында жалпы сомасы 75 миллион теңге және 310 мың АҚШ доллары тәркіленген. Сонымен қатар, 300 миллион теңгеден астам мүлікке тыйым салынған.
Құқық қорғау органдарының бағалауынша, бұл қылмыстық әрекеттер азаматтарға да, мемлекетке де елеулі материалдық шығын келтірген. Мұндай алаяқтық схемалар қаржы жүйесіне деген сенімді бұзып, көлеңкелі экономиканың кеңеюіне себеп болады.
Қаржы пирамидасын ұйымдастыру, сондай-ақ оның құрылымдық бөлімшелерін басқару Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазаларын көздейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1007404?lang=kk

Жауап қалдыру