Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының шығындарын қысқартуға арналған жоба іске асырылмақшы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев №5 қалалық емханасы мен Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығына барып, PACS жүйесінің жұмысымен танысты. Бұл жүйе диагностикалық цифрлық бейнелерді санаулы минуттарда электронды түрде жіберуге және мұрағаттауға мүмкіндік береді, ол – онкологиялық және скринингтік зерттеулер үшін өте маңызды. Бұл әдіс – қағаз құжаттарды сақтап, тасымалдау қажеттілігін жойып, медициналық ақпаратқа қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдетеді.
Жоба ауруларды, әсіресе қатерлі ісіктерді – өкпе және сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған. Арнайы ИИ-жүйелер (x-Eye Mammo, x-Eye Toraks және т.б.) ісіктерді 1 мм-ден бастап анықтай алады, ал адам көзі әдетте 5 мм-ден асқаннан кейін ғана көре алады. Бұл емдеуді ерте кезеңде бастауға мүмкіндік беріп, мыңдаған өмірді сақтап қалуға жол ашады.
Зерттеулерді орталықтандыру, жоғары жылдамдықты VPN, кәсіби медициналық мониторлар, жабдықты цифрландыру және «ҰАТ» АҚ деректер орталығына қосылу дәрігерлерге сапалы бейнелер алуға және диагнозды жедел қоюға, оның ішінде қашықтан жасауға мүмкіндік береді.
Жоба рентгенолог мамандардың тапшылығы мәселесін де шешіп, пленкаға жұмсалатын шығынды азайтады және науқастарды диагностикалау үдерісін жеделдетеді. Жыл сайынғы бюджет үнемі 300 миллион теңгеден кем болмайды.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау саласын сәтті цифрландырудың айқын үлгісін көрсетіп отыр. Жоба DigitalEL бастамаларының қатарына енгізілген және ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) тарапынан медицинада жасанды интеллектті тиімді қолданудың үлгісі ретінде таныстырылды.
Жамбыл облысында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін PACS жүйесі қолданысқа енгізілді

2025 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша бірегей жоба жүзеге асырылып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «WDSOFT» ЖШС компаниясымен бірлесіп, 22 медициналық мекемені (қосымша ғимараттарымен бірге — 33 нысан) біртұтас цифрлық желіге біріктіретін радиологиялық ақпараттық жүйені енгізуде.

Жүйеге қосылған мекемелердің қатарында Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия, облыстық фтизиопульмонология, қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық, қалалық емханалар мен перинаталдық орталықтары, облыстық көпбейінді, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, сондай-ақ орталық аудандық емдеу мекемелері де бар.

Жобаның мақсаты — ерте диагностика тиімділігін, әсіресе бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде арттыру және денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын қысқарту. Радиологиялық зерттеулер Тараз қаласында орталықтандырылып, PACS жүйесімен жасанды интеллект негізінде олардың берілуі, сақталуы және талдауы жүзеге асырылады. Негізгі және резервтік серверлер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ деректер орталығында орналастырылған, бұл деректердің қауіпсіздігін және қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы базасында радиологиялық зерттеулерді (КТ, МРТ, рентген, маммография және т.б.) орталықтандыру жобасын жүзеге асыру үшін арнайы ахуалдық орталық құрылды. Мұнда өкпе және сүт безі қатерлі ісігін анықтауға бағытталған жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

Заманауи технологиялардың арқасында дәрігерлер ыңғайлы әрі тиімді құралдарға ие болып, олардың жұмыс өнімділігі едәуір артып, еңбек жағдайы жақсара түсуде. Бұл жай ғана жаңғырту емес, бұл – әр пациенттің саулығына қызмет ететін технологиялармен бірге денсаулық сақтау жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1008029?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді