
АУДАН ӘКІМДІГІНЕ ЖОЛДАНҒАН ӨТІНІШТЕРГЕ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте 2025 жылдың алғашқы төрт айында аудан әкімдігіне келіп түскен өтініштерге сараптама жасалды. Баяндамашы — аудан әкімі аппаратының құжаттандыруды қамтамасыз ету, жұмылдыру дайындығы мен аумақтық қорғаныс бөлімшесінің басшысы Назира Амалбекқызының мәліметінше, жыл басынан бері 1327 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім байқалған. Ең көп өтініштер әлеуметтік көмек, жер қатынастары және инфрақұрылым мәселелері бойынша түскен.
Өтініштердің көпшілігі аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жолданған. Кейбір азаматтар бір мәселе бойынша бірнеше мәрте жүгінген. Бұл тұрғындардың белсенділігінің артқанын, сондай-ақ мемлекеттік органдардан нақты әрі түсінікті жауап алуға ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, өтініштердің артуына электронды жүйелерді (eGov, eOtinish) пайдаланудың кеңеюі де әсер еткені айтылды.
Алайда, талдау нәтижесінде өтініштерді қарау барысында кей тұстарда рәсімдік талаптардың толық сақталмауы, техникалық дәлсіздіктер мен мерзімдік кідірістерге жол берілгені байқалды. Бұл ретте аппарат тарапынан өтініштерді сапалы әрі уақтылы қарау, азаматтармен кері байланысты нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілді. Арман Сабитов тиісті сала басшыларына тұрғындардың көтерген мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, әрбір өтінішке мұқият назар аударуды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-sairam-audany/press/news/details/1010128?lang=kk

Жауап қалдыру