
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, “Есік қаласы әкімінің аппараты” мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласы Жамбыл Жабаев атындағы жастар саябағында 1500-ға жуық балаға арналған кең ауқымды мерекелік шара өтті.
Балалар үшін шаттық пен қуанышқа толы бұл күн ерекше есте қаларлықтай болды. Шара аясында түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен концерттік қойылымдар ұйымдастырылып, балаларға естелік сыйлықтар және балмұздақтар таратылды.
Мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қаланың жанашыр меценаттары мен белсенді азаматтары белсенді атсалысты. Сонымен қатар, аудандық прокуратураның үйлестіруімен жеке сот орындаушылары балаларға өздерінің сыйлықтарын табыс етті. Бұл – балғындар үшін үлкен қуаныш, әрі жүрек жылуын сыйлаған ерекше сәт болды.
Аталған шара «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты – балаларға қамқорлық танытып, олардың құқықтарын қорғау және болашаққа деген сенімділікті қалыптастыру.
Осындай игі бастамалар арқылы біз өскелең ұрпақтың мемлекетке, әділеттілікке және қоғамға деген сенімін арттыра аламыз деп сенеміз.
Балалар – ел ертеңі, ұлт болашағы. Оларға мейірім мен қолдау көрсету – бәрімізге ортақ парыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-enbekshikazah/press/news/details/1010252?lang=kk
Жауап қалдыру